Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі тарапынан ұлытаулық көрнекті саяхатшы, туризм саласының үздігі Сәрсенбай Қотырашовқа «Құрметті спорт қызметкері» атағы берілді. Марапатты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев салтанатты түрде табыстады.
Сәрсенбай Қотырашов – табандылығы мен қайсарлығының арқасында елге танылған тәжірибелі жиһанкез. Ол 2022 жылы 72 жасында Қазақстанның барлық 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырымнан астам қашықтықты еңсеріп, ерекше жетістікке қол жеткізді. Аталған көрсеткіш Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енгізілді.
Саяхатшы бұдан кейін де халықаралық деңгейдегі жорықтарын жалғастырып келеді. 2023 жылы Атырау қаласынан басталған сапарында Кавказ өңірі мен Грузия аумағы арқылы Түркияның ірі мегаполисі Стамбулға дейін жаяу жетті. Ал 2024 жылы Өскеменнен жолға шығып, Алтай, Моңғолия арқылы Қытай астанасы Бейжің қаласына дейінгі ұзақ сапарды бағындырды.
2026 жылғы 3 наурызда басталған кезекті сапары барысында 76 жастағы жиһанкез Еуропаның бірқатар елдерін жаяу жүріп өтті. Атап айтқанда, Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия және Франция мемлекеттерін еңсеріп, жуырда елге аман-есен оралды.
Сәрсенбай Қотырашовтың өмір жолы – табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Оның жетістіктері отандық туризмді дамытуға серпін беріп, салауатты өмір салтын насихаттауға зор ықпал етуде. Жиһанкездің қажырлы еңбегі мен батыл қадамдары өскелең ұрпаққа рухани мотивация беріп, елге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі.




