Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Бұхара қаласына сапары барысында көне шаһардың бірқатар тарихи және мәдени нысандарын аралап көрді.
Мемлекеттер басшылары алдымен IV–III ғасырларда бой көтерген Арк қамалын тамашалады. Көне бекініс сан мәрте қирап, қайта қалпына келтірілген тарихи нысан болып саналады. Қазіргі таңда оның аумағында Бұхара мемлекеттік музей-қорығы орналасқан.
Сапар аясында президенттер Ляби-хауз кешеніне барып, өңірдің сәулет өнерінің бірегей үлгілерімен танысты. Бұл кешен құрамында XVII ғасырда салынған Нәдір Диуан-Бегі медресесі мен ханакасы, сондай-ақ XVI ғасырда іргетасы қаланған Көкілташ медресесі секілді тарихи ғимараттар бар.
Сонымен қатар, екі ел көшбасшылары XII–XVI ғасырларда салынған сәулет туындыларын біріктіретін Пои-Калян кешенінде болды. Бұл кешен құрамына Калян мұнарасы, мешіт және Мири Араб медресесі кіреді.
Тарихи деректерге сәйкес, Бұхара ғасырлар бойы Орталық Азиядағы ірі рухани және білім орталықтарының бірі болған. Жергілікті медреселерде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нұржан Наушабаев, Шортанбай Қанайұлы сынды қазақтың көрнекті тұлғалары білім алған. Бұл олардың есімдерін екі ел тарихымен тығыз байланыстырады.
Бұдан бөлек, мемлекеттер басшыларына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналған музей-құжыра таныстырылып, Бұхарада білім алған қазақ зиялыларына арналған көрме көрсетілді.
Жалпы, бұл сапар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи-мәдени байланысты нығайтып, ортақ рухани мұраны дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды.




