Конституцияға түзетулер енгізу – мемлекет негізі мен қоғамдық келісімге тікелей қатысты маңызды процесс. Сондықтан бұл үдерісті жабық форматта немесе тар шеңберде талқылауға болмайтыны белгілі. Қазақстандағы Конституциялық комиссия осы қағидатты басшылыққа алып, өз қызметін барынша ашық ұйымдастырды.
Комиссия отырыстары ресми сайт пен Конституциялық соттың әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетілді. Бұл азаматтарға талқылауды онлайн режимде бақылауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, «Конституциялық реформа 2026» атты Telegram-арна ашылып, комиссияның жұмысы мен ұсыныстар жедел жарияланып отырды.
Комиссия мүшелерінің әлеуметтік желідегі белсенділігі де маңызды рөл атқарды. Олар өз пікірін қоғамға тікелей немесе БАҚ арқылы жеткізіп, жүздеген мың азаматқа ақпарат берді. Мұның өзі тек техникалық құрал ғана емес, биліктің ашық диалогқа дайын екендігін көрсететін маңызды фактор болды.
Отырыстардың жария өтуі алыпқашпа әңгімелер мен негізсіз болжамдардың алдын алып, азаматтарға ұсынылып отырған нормалардың мәнін түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл қабылданған шешімдердің заңдылығы мен қоғам алдындағы сенімділікті арттырды. Конституциялық комиссияның ашық жұмысы «Естуші мемлекет» қағидаты мен институционалдық жауапкершіліктің нақты көрінісі болып табылады.




