Бірлік пен бейбітшілік – Республикамның тірегі

Жаңалықты бөлісіңіз:

Бірлік пен бейбітшілік – Республикамның тірегі

Қазақстан – сан ұлттың тату-тәтті өмір сүріп жатқан, бірлігі мен бейбітшілігін басты байлыққа айналдырған ел. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап еліміздің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы саясатының негізгі бағыты – халықтар арасындағы ынтымақтастықты сақтау, бейбіт өмір сүруді қамтамасыз ету болды. Сондықтан «Бірлік пен бейбітшілік – Республикамның тірегі» деп айту – жай ғана ұран емес, бұл – Қазақстанның өмір сүру формуласы, тұрақтылығының және дамуының кепілі.

Кез келген елдің дамуы мен гүлденуі бірінші кезекте бейбіт өмірге байланысты. Соғыс жүріп жатқан жерде экономика құлдырайды, халықтың әл-ауқаты нашарлайды, білім мен ғылымға көңіл бөлінбейді. Қазақстан мұны жақсы түсінді. Тәуелсіздік алған күннен бастап еліміз бейбіт саясатты ұстанып келеді. Ешбір елмен араздаспай, керісінше, тату көршілік қатынастар орнатып, көпвекторлы сыртқы саясат жүргізіп келеді.

Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы – осы бейбітшілікке ұмтылыстың нақты дәлелі. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан ел ретінде Қазақстан бүкіл халықаралық қауымдастықтың алдында зор беделге ие болды. Бұл шешім еліміздің қауіпсіздігін ғана емес, сондай-ақ халықаралық аренадағы бейбітшілік бастамаларының көшбасшысы болуға жол ашты.

Халық даналығында «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген сөз бар. Бұл жай ғана мақал емес, ғасырлар бойы дәлелденген ақиқат. Қазақ халқы тарихтың қиын кезеңдерінде де бірліктің арқасында аман қалды. Жоңғар шапқыншылығы, отарлау, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы – бәрі де халқымыздың басына түскен ауыр сынақтар еді. Бірақ елдің тұтастығын сақтау үшін қазақ халқы әрқашан өзара ынтымаққа, татулыққа жүгінді.

Бүгінгі күні де бұл құндылық өз өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, жаһандану заманында, түрлі идеологиялық қауіптер мен ақпараттық соғыстар жүріп жатқан кезде ел ішіндегі бірлік пен татулықтың рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы да осы бірлікке, диалогқа негізделген. Президенттің саясаты қоғамды біріктіруге, халық пен биліктің арасында ашық байланыс орнатуға бағытталған

Қазақстанда әртүрлі дін өкілдері де еркін өмір сүріп келеді. Ислам, христиан, буддизм және басқа да діндерге сенетін жандардың өз құлшылықтарын жасауға толық мүмкіндігі бар. Бұл – еліміздің діни толеранттылығының айғағы.

Біздің елімізде өсіп келе жатқан жас буын бірліктің, бейбіт өмірдің қаншалықты маңызды екенін түсініп өсуі тиіс. Себебі болашақ – солардың қолында. Егер жастарымыз өзара татулықты бағалай білсе, ұлтқа, дінге, нәсілге бөлінбей, ортақ Қазақстанның азаматы ретінде өмір сүрсе, еліміздің болашағы жарқын болмақ.

Мектептер мен жоғары оқу орындарында патриоттық тәрбие беруге, ұлттық бірлік идеясын сіңіруге баса назар аудару қажет. «Мен – қазақстандықпын!» деген сезімді әр баланың жүрегіне орнықтыру – тек мұғалімдердің емес, бүкіл қоғамның міндеті.

Қорытындылай келгенде, Қазақстан – бейбітшілік пен бірлікті ту еткен ел. Бұл – кездейсоқ емес, саналы түрде таңдалған жол. Еліміз осындай саясаттың арқасында көптеген қиындықтарды еңсеріп, әлемге танымал мемлекетке айналды. Бұл – Елбасының салиқалы саясатының, Мемлекет басшысының парасаттылығының, халықтың санасының, ұлттар мен ұлыстардың ынтымағының нәтижесі.

Сондықтан біз осы жетістіктерімізді бағалап, бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін аянбай еңбек етуіміз қажет. Бірлік пен бейбітшілік – тек өткеніміздің емес, болашағымыздың да кепілі. Осы екі құндылықты сақтау – әр азаматтың қасиетті борышы.

 

Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің әдіскері
Алиева Зарина Равильевна

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *