Қазақстанда республикалық референдумды өткізуге дайындық жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысында мәлім болды.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, барлық деңгейдегі комиссиялар қажетті ұйымдастырушылық іс-шараларды жүргізіп, дауыс беру процесін заң талаптарына сәйкес өткізуге толық дайын.
«Барлық деңгейдегі референдум комиссиялары дайындық жұмыстарын аяқтады. Комиссиялардың қызметіне әдістемелік қолдау көрсетілді, дауыс беру рәсімдерін қолдану мен референдум туралы заң талаптарын сақтауда бірыңғай тәсіл қалыптастырылды. Бұл біздің республикалық референдумды өткізуге толық дайын екенімізді көрсетеді», – деді ол.
Дайындық жұмыстары барысында комиссия мүшелерін оқытуға ерекше назар аударылды. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 13 наурызда оқытудың қорытынды кезеңі аяқталды.
Жалпы дайындық барысында 5800-ден астам семинар өткізіліп, оған әртүрлі деңгейдегі комиссиялардың 71 мыңнан астам мүшесі қатысты. Сонымен қатар дайындық деңгейін бағалау мақсатында онлайн-тестілеу ұйымдастырылды.
Комиссия мүшелерін даярлаудың каскадтық жүйесі ел аумағында біркелкі стандарттарды қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде референдумды ұйымдастырудың ашық әрі заң талаптарына сай өтуіне негіз болады.
Айта кетейік, дауыс беру күні Орталық референдум комиссиясы бұқаралық ақпарат құралдарына ел бойынша дауыс беру барысы туралы әр екі сағат сайын тікелей эфир арқылы ақпарат беріп отырады.




