Қазақстанда республикалық референдумды ұйымдастыру аясында комиссия мүшелерін даярлау жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында айтылды.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 13 наурыз күні оқыту бағдарламасының соңғы кезеңі аяқталды. Жалпы дайындық барысында ел бойынша 5800-ден астам оқыту семинары ұйымдастырылып, оған 71 мыңнан астам комиссия мүшесі қатысты.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, оқыту бағдарламасы дауыс беру рәсімдерін дұрыс қолдану, заң талаптарын сақтау және референдумды ұйымдастырудың бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға бағытталған.
Комиссия мүшелерінің дайындық деңгейін бағалау үшін қашықтан онлайн-тестілеу де өткізілді. Бұл олардың референдум өткізу барысындағы міндеттерді толық меңгеруіне мүмкіндік берді.
Мамандардың айтуынша, іске асырылған каскадтық оқыту жүйесі ел аумағында комиссия мүшелерін даярлаудың бірізді тәсілін қамтамасыз етті.
Осылайша, барлық деңгейдегі референдум комиссиялары дауыс беру процесін заң талаптарына сай ұйымдастыруға толық дайын екені атап өтілді.




