БАТЫР АТАҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАН САДУОВ

Жаңалықты бөлісіңіз:

Ұлытау облыстық ономастикалық комиссиясына Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры жаңаарқалық жауынгер Хамит Садуовтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін оны тұлға ретінде танып, атына көше беру жөнінде өтініш түсіпті дегенді естіп елең ете қалдық. Облысымызда Кеңес Одағының батыры атағы бар жалғыз майдангер қазақ – Амантай Дәулетбеков бар еді, енді Жаңаарқадан қос батыр шығатын болды ғой деп ойлап, осы хабардың ақ-қарасын айыруға кірістік.

     Ономостикалық комиссия да батыр туралы деректі толық анықтай алмағандықтан бұл мәселені байыптап қарай қоймапты. Өкінішке орай, комиссияға өтініш берушінің «ұрпағы» дегеннен басқа, нақты кім екені және мекен-жайы көрсетілмепті. Жаңаарқадағы біраз қоғамдық ұйымдар мен біледі-ау деген адамдарға сұрау салғанымыздан нәтиже шықпады. Дегенмен, әлеуметтік желіден Жаңаарқаның тумасы, Ақмола әскери комиссариатынан әскерге шақырылған Садуов туралы бірнеше ақпараттарға кездесіп, олардың қайсысы нақты екенін біле алмай көңіліміз біраз күпті  болды. Солардың бірінде «Атқыштар ротасын басқарған Садуов соғыста ерлікпен қаза табады. Ол Кеңес Одағының батыры атағына қайтыс болғаннан кейін ұсынылады. Туысқандары жауынгердің жерленген жерін 70 жылдан кейін табады» десе, Қазақстан Республикасының Хорватиядағы елшілігінің баспасөз қызметі 2022 жылғы 9 мамырда таратқан ақпаратында: «Ерлігі мен батырлығы үшін қазақстандық жауынгер Хамит Садуов қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды» деп жазылыпты. Өйткені, Югословия аумағындағы Екінші дүниежүзілік соғыстың ең үлкен шайқасы – Батина майданында қаза тапқан Кеңес жауынгерлері жерленген бауырластар зиратында Хамит Садуов та бар. Соған орай осындағы мемориалда Жеңіс күніне арналған гүл шоқтарын қою рәсіміне Қазақстан елшілігінің дипломаттары да қатысқан екен.  

     Соғыста аға лейтенант Хамит Садуов үшінші Украина майданындағы 19-атқыштар дивизиясының 315-ші атқыштар взводының атқыштар ротасының командирі болған. 1944 жылдың 19 қарашасында Югословияның Батино селосының сыртында Дунай өзенінің оң жағалауындағы плацдармды кеңейту үшін болған ұрыста ол өзін шешімтал, ержүрек командир ретінде көрсетеді. Аумағын кеңейтіп алға жылжыған бұларға жау жағы танкілердің, бронетранспортердің қолдауымен артиллерия-минометімен от шашып, 9 рет қарсы шабуылға шығады. Садуовтың ротасы фашистердің қарсы шабуылына ерлікпен тойтарыс беріп,  күні бойғы ұрыста оларға көп шығын келтіреді. Жаудың 230 солдаты мен офицерін жояды. Өршеленген дұшпандар жағы танкілерін алға салып қайта-қайта ұрысқа шығады. Бірнеше танк рота тұрған жерге келіп қалғанда Хамит оларға қарсы ұмтылып, танкіге қарсы екі гранатаны лақтырып жарып жіберіп тойтарыс береді. Осы сәтте есіл ер өзі де оққа ұшады. Ерліпен қаза тапқан Садуовты «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсыну туралы 1944 жылдың 4 желтоқсанында 315-ші атқыштар полкінің командирі Михайлов қол қойған марапаттау парағының құжаты Ресейдің Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіндегі 33-қордың 1911-ші істер жинағында сақталған көрінеді.

     Соғыста ерлігімен ерекшеленген батыр туралы ақиқатқа жету жолында біраз еңбектенуге тура келді. Үміт жетегіне ілесіп 1968 жылы баспадан шыққан екі томдық «Кеңес Одағының Батырлары – қазақстандықтар» кітабын зерделеп көрген едік, бұл кісі туралы онда ештеңе жоқ екен. Соғыс жылдарында батыр атағына ұсынылғандар арасында бұл марапатты ала алмағандардың да біршама екенін естіген болатынбыз. Оған белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлының «Ұмытылған қаҺармандар» деген еңбегі айғақ. Баспадан 2019 жылы жарық көрген бұл кітапта Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылса да қазақстандық 133 майдангердің марапатқа ие болмағаны туралы айтылады. Бұл жинақтан да Садуов туралы еш дерек кездеспеді.

     Ақыры сұрастыра жүріп, Жаңаарқаға барған бір сапар кезінде ойда жоқта  фамилиясы Садуов деген азаматпен кездесіп қалдық. Сәті түскенде, іздеп жүрген батырымыздың ұрпағы болып шықты. Оразалы Садуов деген бұл азамат Абайділданың баласы екен. Айтуынша, ағайынды Абайділда, Байділда және Хамит үшеуі де 1941 жылы Ақмола әскери комиссариатынан соғысқа аттанған. 1915 жылы туған Хамит әскери адам болған екен. Әскер қатарында 1937 жылдан қызмет етіп, 1941 жылы шілде айында майданға аттанғанда ол офицер шенінде болған. Ағайынды үшеуден мұның әкесі Абайділда ғана майданнан аман-есен оралады. Байділда хабар-ошарсыз кетіпті. Абайділда ақсақал Ақмоладан туған өңірлері Жаңаарқаға 1957 жылы көшіп келеді. Біз жолыққан баласы Аманбай қазір жетпіске қадам басыпты, ұзақ жыл Жаңаарқадағы «Сельхозхимияда» шофер болған. Өзінің Хамит әкесі туралы көп ештеңе біле қоймайтынын айтып, Атырауда тұратын Сәуле деген қарындасының жер-жерге хат жолдап, осы шаруамен көптен айналысып жүргенін жеткізді.

     Айтса айтқандай, Сәуле Садуова Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архиві, «Память народа» жобасы және Ұлы Отан соғысына қатысушыларды іздестіруші еріктілер арқылы атасы туралы көп деректер мен құжаттар жинақтаған екен. «Біз туысқанымыздың жерленген жерін 20 жылдан аса іздестіріп, Хорватиядағы Батино селосындағы бауырластар зиратында екенін 2020 жылдары ғана таптық. Осы іске көмектескен Хорватиядағы Қазақстан елшілігінің басшысы Барлыбаев Төлежан Тұрсынұлына, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің іздестірушісі Күлан Нұрмұхамбетоваға алғысымыз шексіз. Ол кісінің Батыр атағына ұсынылғаны содан кейін ғана белгілі бола бастады. Оны айғақтайтын ресми құжаттардың көшірмесінің барлығы қолымызда бар», – дейді Сәуле.

     Осы құжаттарының біразын бізде саралап көрдік. Батино селосы түбіндегі ерлігі үшін қаза болғаннан кейін 1944 жылы 4 желтоқсанда Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған құжаты да осында. Алайда, бұл атақ берілмей қалған. Тағы бір ерлігіне орай Қызыл жұлдыз орденіне ұсынылған. Құжаттар арасында 19-шы атқыштар дивизиясының командирі, полковник Лазарев пен штаб бастығы Бубновтың атқыштар ротасының командирі, аға лейтенант Хамит Садуовты Қызыл жұлдыз орденімен марапаттау туралы 1944 жылғы 13 қаңтардағы бұйрығы бар. Жалпы, ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін Хамит 1944 жылдың 28 наурызында ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, 1945 жылы І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Соғыста бірнеше рет жараланып, госпитальда емделіп шыққан соң қайтадан майдан шебіне қосылып отырған.

     Түйіндеп айтар болсақ, осындай ерен ерлік үлгісін көрсеткен майдангердің есімі ұмыт қалмауы керек. Биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Хамит Садуов сынды ержүрек жауынгердің ерлік істерін кеңінен насихаттап, ауқымды шараларға арқау ете білген абзал. Оған Жаңаарқа ауданының әкімдігі мен жұртшылығы бірінші болып қозғау салса өте жарастықты болар еді.

Амандық РАХҰЛЫ

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *