Майданға ерлік жасау үшін емес, елін қорғау үшін аттанды. Батыр атану үшін емес бостандығын бөтен біреудің табанында таптатпау үшін аттанды. Майданда ерлік те, батылдық та таныта білді. Майданнан Ер атанып, Батыр атанып оралды. Даңқ орденінің то-лық иегері, даңқты жерлесіміз Жақсымбек Тілеуұлы ҮНШІБАЕВТЫҢ атына осылай ғана қысқаша мінездеме берер болсақ та, оның тұлғасын танығандай болар едік.
Дегенмен, Ердің ерлігінен, Батырдың батырлығынан ел-жұртына шамамыз жеткенше, ептеп болса да, сөз қозғамасақ, аруақ алдында ұятқа да қалар едік. Елдің атын ер шығарса, ерінің атын елі неге әспеттемесін?! Соғысқа бармауына да болатын еді. Кейбіреулердің қолына түсіре алмай жүрген «бронь» мұның қалтасында -тын. Бірақ, Жақсымбек майданға барғысы келіп тұрды. Қобыланды, Алпамыс, Қамбар, Ер Тарғын батырлар туралы халық жырларын, басқа да хиссаларды тыңдап өскен қазақтың баласы емес пе? Кішкенесінен-ақ солардың ерлік рухы жүрегін баурап алушы еді-ау… Кейде өзін «қорамсаққа қол салған, қол салғанда мол салған» батырлардың біріндей сезінетін. Ауылдың бар баласы талдан істеген «найзаларын» қолға алып, «қылыштарын» асынып, талай-талай екі жақ болып «соғысатын». Бала кездің сол ойыны өмір шындығына айналған шақта, өзі құралпас жігіттер әскерге аттанып жатқанда, мұның елде қалғысы келмеді. «Ел басына күн туған шақта, ел қорғаушылардың қатарында жүргенім дұрыс. Кен қопарушылар менсіз де табылар» деген берік байламға келген Жақсымбек әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырғандай болды. Ағайын-туыстың арасында да «Өкіметтің өзі беріп тұрған бронь – қағазың тұрғанда, соғысқа сұранып не көрінді» деушілер де болмай қалған жоқ. «Батыр – бір оқтық» деген, қайдағы бір қаңғыған жалғыз оқтың құрбаны боласың да қаласың. Тым болмаса, сүйегің де арулап көмілмес. Броньді пайдаланып, кенішіңде жүре бермейсің бе?» деген ақыл айтушыларға Жақсымбектің жауабы келте болды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген. Өлермін, өлмеспін. Келермін, келмеспін. Бірақ, майданға бармай, мұнда жүрмеспін». Бірнеше рет жазылған арызы қанағаттандырылып, Ж.Үншібаев 1941-жылдың желтоқсан айында әскерге алынды-ау, ақыры… Ер жігіт осылайша, елін қорғауға аттанды.

Ия, «соғыс – ойын емес». Жақсымбекті әуелгіде әскери училищеге жіберген-ді. Бірақ, әскер өнеріне машықтанып болар-болмастан бұларды алдыңғы шепке аттандырды. Өйткені, жаудың беті-жаман, екпіні – қатты болатын. Анығын айтқанда, дұшпанның сұсы ғана емес, күші де басым түсіп жатқан шақ еді.
Жаудың жолын бөгейтін, бөгеп қана қоймай келген ізіне қайыра түсіріп, кері қуатындай жаңа күштер керек-тін. Жақсымбектердің шұғыл түрде майданға аттандырылуының себебі осында еді. Ол майданға бөлімше командирі ретінде кірді. Қазақылап айтқанда, қолбасылардың бірі. Қазақ баласына деген мұндай сенімнің көрсетілуі оның әскери оқу-жаттығу кезінде ерекше көзге түсіп, назарға ілінуінің нәтижесі еді. Бойында қайрат-күш тасып тұрған жас жігіт әскери өнердің қыр-сырын тез-ақ меңгеріп алған-ды. Әсіресе, оның жылдам шешім қабылдай білетін шалттығы мен ептілігі командирлерін тәнті ететін. Бұлай болмауы мүмкін емес-ті.
Жақсымбек көп балалы отбасынан шықты. Әкесі шаруа баққан кісі еді. Қарсақбайдың кең жазығында мал өсірген ол балаларын да жасынан еңбекке тәрбиеледі. Мұндайда жеті жасар Жақсымбекке де жұмыс табылып жататын. Ағаларымен бірге мал бағып, шөп орып дегендей бұғанасы еңбекпен қатайған дала баласы кен өндірісіне араласқанда да алдына жан салмайтындардың бірі еді. Шыныққан да шымыр денелі жігіттің табиғат сыйлаған өжеттілігіне ептілігі қосылса, оған көрсетілген сенімге таңдануға да болмайтындай емес пе? Ер болып туған ел баласы елін қорғауда өзгелерді соңына ерте білсе, несі айып? Жақсымбек Үншібаев соғысты Ресей, Украин, Белорусь, Балтық жағалауы елдерін, Европаның мемлекеттерін фашизм шеңгелінен азат ету операцияларына қатыса отырып, алыстағы Австрия жерінде аяқтады.
Ұлы Жеңіс таңын қалай қарсы алғанын Жақсымбек аға майын тамыза әңгімелейтін еді.
-Кезекті тапсырманы орындап, сәл мызғып алуға ниеттеніп, қисайып жата –жата кеткен едік. Соғыс өзі шыққан ұясында жүріп жатса да, Австрия жерінде немістердің қалған –құтқан бөлімшелері қарсылық көрсетіп жатқан. Біздің міндет солардың көзін жою болатын. Соғыстың әні –міне аяқталатыны да, Кеңес елінің Жеңіске жететіні де ап –анық бола тұра, жау жағының әлгіндей азды – көпті бөлімшелері «өліспей беріспеуге» бекініп, кәдімгідей қарсылық көрсететін. Соғыс аяғына тақалып қалғанда адам шығыына жол бермеу – біз үшін басты міндет болды. Сондықтан, барынша сақ болуға ұмтылдық. Сөйтіп, кезекті тапсырмадан келіп, тынығып алуды жөн көрген бетіміз еді ғой. Көзіміз енді іліне бастағанда : – Жігіттер, Жеңіс! Жеңіс! Соғыс бітті! – деген дауыс естілді. Қалай атып тұрғанымызды өзіміз де білмей қалдық. Бір –бірімізді құшақтап, мәре –сәре болдық та қалдық. Оқшантайымызда бардың бәрін ортаға шығарып, «Жеңіс үшін! Сталин үшін!» тастап –тастап жібердік. Ұлы Жеңісті солай қарсы алған едік – дейтін еді олқанқұйлы соғыстың Ұлы қуанышы туралы.
Ол туған еліне Батыр атанып оралды. Біз төрт жылда талай-талай шайқасқа түсіп, талай-талай ерлік жасаған ердің майдан даласындағы шайқастарының тек екі-үшеуін ғана тілімізге тие еттік. Бәрін тізбелеуге тіліміз жете қоймасы және анық.Батыр аға елге оралған соң да қол қусырып қарап отырмады. Келе еңбекке араласты, қоғамдық-шаруашылық жұмыстардың бел ортасынан табылды. Ұзақ жылдар бойы «Жезқазғантүстіметалл» ғылыми-өндірістік бірлестігінде (қазіргі «Қазақмыс» корпорациясы) адал да абыройлы еңбек етті. Еліне сіңірген ерен еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Майдан наградаларына еңбек майданындағы наградалар қосылды. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталуы Батыр ағаның бейбіт еңбектің де алғы шебінде болғандығының айғағы емес пе? Халқы да қан майданда кеудесін оққа тосып, елін қорғаған Батыр ұлын бағалай білді, қадірлеп, құрмет тұтты. Ол бірнеше мәрте Жезқазған поселкелік Кеңесінің депутаттығына сайланды. Сәтбаев қаласының Құрметті Азаматы атанды. 1954-1964 жылдары, яғни, он жыл бойы халық депуттары Жезқазған поселкелік Кеңесінің төрағасы ретінде әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге белсене араласты. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде Жақсымбек аға Үншібаевтың өмірі үлгі-өнеге еді. Тірісінде «Батырымыз» деп мақтан тұтқан елі оған деген құрметін дүниеден өткен соң да ұмытқан жоқ. Сәтбаев қаласындағы бір көшеге есімі берілді. Өзі талай жыл жемісті еңбек еткен қалалық тұрғын үй коммуналды шаруашылық мекемесінің ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды. Бірақ, Батырға деген құрмет осымен ғана шектеліп қалмаса керек-ті. Оның өмірін, ерлігін одан әрі насихаттай білу – бүгінгі, ертеңгі ұрпақтың парызы болып қала бермек.
Абдола Дастанов.