Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде Ұлытау облысының дін істері басқармасының бастамасымен студенттермен, соның ішінде 2026 жылғы бітіруші түлектермен ресми кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – дін саласы бойынша білім алып жатқан жастарға өңірдегі еңбек нарығының мүмкіндіктерін таныстыру, сондай-ақ оларды Ұлытау облысында кәсіби қызмет атқаруға ынталандыру болды. Іс-шара барысында өңірде білікті дін мамандарына деген сұраныстың жоғары екені және бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Облыс әкімдігі тарапынан кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында нақты қолдау шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, 2024 жылы арнайы білім беру гранттары бөлініп, қазіргі уақытта 4 студент исламтану және дінтану мамандықтары бойынша жоғары білім алуда.
Қазіргі таңда аталған университетте Ұлытау облысынан 21 студент білім алуда, оның ішінде 6 студент 2026 жылы оқуын тәмамдайды. Бұл көрсеткіш өңірдің дін саласын кәсіби мамандармен толықтыруға негіз болады.
Кездесуге Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Жансарин қатысып, студенттерге өңірдегі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қызметтік талаптар және әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде толыққанды ақпарат берді. Сонымен қатар, ол бітіруші түлектерді туған жерге оралып, ел игілігі үшін қызмет етуге шақырды.
Іс-шара аясында қатысушылар өзара пікір алмасып, студенттердің сауалдарына нақты жауаптар ұсынылды. Кездесу ресми әрі мазмұнды форматта өтті.
Аталған іс-шара өңірдегі дін саласының дамуына серпін беріп, жас мамандарды тарту бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.




