Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының екінші шығарылымы түсірілді. Бұл жоба азаматтық қорғау саласының қызметін кеңінен насихаттап, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Бүгін Ulytau облыстық телеарнасының түсірілім тобы бағдарламаның жаңа бөлімін таспалады. Арнайы жоба арқылы көрермендер төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы, құтқарушылардың күнделікті міндеттері мен жедел әрекет ету жүйесі жайлы толық ақпарат ала алады.
Түсірілім жұмыстары авиациялық ангар аумағында ұйымдастырылды. Онда заманауи техникалар, арнайы жабдықтар мен құтқару құралдарының мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету тәсілдері таныстырылды.
Іс-шараға Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Ол материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаңа техникалармен жабдықтау және бөлімшелердің дайындық деңгейін арттыру мәселелеріне тоқталды.
Бағдарламада төтенше жағдайлардың алдын алу, халыққа дер кезінде көмек көрсету және құтқарушылардың үйлесімді жұмысы жан-жақты қамтылды. Бұл жоба арқылы тұрғындар қауіпсіздік ережелерін есте сақтап, төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету жолдарын біле алады.
Түсірілген жаңа шығарылым алдағы уақытта өңірлік телеарна эфирінен көрермен назарына ұсынылады. «112 KZ» жобасы алдағы уақытта да өзекті тақырыптарды көтеріп, арнайы қызметтердің жұмысын насихаттауды жалғастырады.




