2026 жылдың 23–24 сәуірінде Тараз қаласында халықаралық деңгейдегі «Тараз – қолөнершілер қаласы» фестивалі ұйымдастырылады. Ауқымды мәдени іс-шара өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, ұлттық қолөнерді кеңінен насихаттауға және шеберлер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Фестивальдің басты мақсаты – отандық қолөнершілерді әлемдік деңгейде таныту, шетелдік және жергілікті шеберлер арасында мәдени байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Сонымен қатар, іс-шара барысында ұмыт қалып бара жатқан көне қолөнер түрлерін сақтау және қайта жаңғыртуға ерекше назар аударылады.
Аталған фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен, сондай-ақ Алматы және Түркістан өңірлерінен, сонымен қатар Тараз қаласының өзінен 100-ден астам қолөнер шебері қатысады деп жоспарлануда.
Фестиваль аясында «Тараз – қолөнершілер қаласы. Дәстүр мен заманауи қолөнер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, қолөнер бұйымдарының көрмесі, шеберлік сағаттары, сондай-ақ «Менің әлемім: қиял мен шынайылық» атты жас қолөнершілер мен суретшілердің көрмесі ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, фестиваль бағдарламасы шеңберінде сән мен ұлттық дәстүрді үйлестіретін ASPARA FASHION WEEK халықаралық сән апталығы, «Dombyra Party» мәдени іс-шарасы, ұлттық киімдердің сән көрсетілімі және өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.
Фестиваль қонақтарына көрме барысында ұсынылған қолөнер бұйымдарын сатып алуға, сондай-ақ Тараз қаласының тарихи-мәдени нысандарына экскурсия жасауға мүмкіндік беріледі.
Осылайша, аталған күндері Тараз қаласы ұлттық дәстүр мен шығармашылық шабыт тоғысқан мәдени орталыққа айналып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани атмосфера сыйлайды.




