Ұлытау ауданындағы Тасбұлақ демалыс орнында соңғы күндері тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл игі іске жергілікті тұрғындар, жастар және еріктілер белсене қатысып жатыр. Табиғаты көркем, ауасы таза бұл мекенді сақтап қалу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Тазалық шарасы барысында демалушылардан қалған қоқыстар жиналып, аумақ толықтай ретке келтірілуде. Ағаштардың маңы тазартылып, демалыс орнының көркі қайта жандана түсті. Осындай жұмыстар табиғатты қорғаудың маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, адамдардың экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.
Тасбұлақ – тек демалыс орны ғана емес, ол туған жердің бір бөлшегі. Сондықтан әрбір азамат табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосуы тиіс. Тазалық жұмыстарына қатысу арқылы жастар еңбекке баулып, жауапкершілікті сезінеді.
Осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім бар. Табиғатты қорғау – болашақ ұрпаққа аманат. Тасбұлақтың көркем келбетін сақтау – баршамыздың борышымыз.




