Қала әкімінің орынбасары Ерлан Орманов бекітілген аумақ бойынша таңғы аралау жұмыстарын жүргізді. Аталған шара қала аумағындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Аралау барысында бірқатар өзекті мәселелерге назар аударылды. Атап айтқанда, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығы, қоқыс контейнерлерінің жағдайы, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарға іргелес аумақтардың күтімі тексерілді. Тексеру нәтижесінде санитарлық талаптардың сақталмауы мен абаттандыру ережелерінің бұзылуына байланысты бірқатар ескертулер берілді.
Әсіресе, кәсіпкерлерге тиесілі ғимараттардың сыртқы келбетіне ерекше мән берілді. Қала келбетінің тартымдылығы мен тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында нысандардың маңайын таза ұстап, іргелес аумақтарды ретке келтіру қажеттігі атап өтілді. Жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою тапсырылды. Белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда, кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылатыны ескертілді.
Сонымен қатар, аралау барысында тұрмыстық қалдықтардың заңсыз жиналған бірнеше орны анықталды. Бұл учаскелер бойынша тиісті мердігер ұйымдарға тазалау жұмыстарын жүргізу тапсырылып, қосымша сенбілік ұйымдастыру жоспарланды.
Қала әкімдігі тарапынан мұндай бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Негізгі мақсат – қала аумағында тазалықты сақтау, экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.




