Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының кезекті, екінші шығарылымының түсірілімі өтті. Жобаны Ulytau облыстық телеарнасы жүзеге асырып отыр. Бағдарламаның басты мақсаты – азаматтық қорғау қызметтерінің жұмысын кеңінен таныстыру және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Түсірілім жұмыстары авиациялық ангар аумағында ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында төтенше жағдайлар қызметінің заманауи техникасы көрсетіліп, түрлі қауіп-қатер кезінде жедел әрекет ету тәсілдері жан-жақты таныстырылды. Көрермендер құтқарушылардың күнделікті қызметі мен олардың дайындығы туралы толық мәлімет ала алады.
Іс-шараға Ұлытау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол материалдық-техникалық базаны нығайту, бөлімшелердің дайындығын арттыру және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жүйесін жетілдіру бағытындағы шаралар туралы айтып өтті.
Бағдарламада көрсетілген материалдар арқылы көрермендер төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздік ережелерін сақтау және дұрыс әрекет ету жолдары жөнінде пайдалы ақпарат алады.
Түсірілген шығарылым алдағы уақытта өңірлік телеарна эфирінен көрсетіліп, көпшілік назарына ұсынылатын болады.
