Қоғам тыныштығын сақтау – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызмет. Көпшілік кешкі уақытта отбасымен демалып, тынығуға бет алғанда, полиция қызметкерлері керісінше, қызметке кіріседі. Солардың бірі – Жезқазған қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының инспекторы, аға лейтенант Нұрхан Мырзаахметов.
Түнгі кезекшілік – жай ғана жұмыс емес, бұл – қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды миссия. Қызмет күні басқармаға келуден басталады. Қару-жарақты қабылдау, қызметтік жабдықтарды тексеру – тәртіп пен қауіпсіздіктің басты кепілі. Әрбір әрекет нақты регламентке сай орындалады.
Келесі кезең – саптық таралым. Мұнда қызметкерлерге нақты тапсырмалар беріліп, тәуліктік жағдай бойынша нұсқаулықтар түсіндіріледі. Осы сәттен бастап әрбір полиция қызметкері өз учаскесінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге толық жауапты болады.
Түнгі патруль кезінде қала көшелері, аулалар және қоғамдық орындар тұрақты бақылауда болады. Әрбір шақыртуға жедел әрекет ету – полиция қызметінің басты қағидаларының бірі. Кейде бұл – тұрмыстық жанжалдарды реттеу, кейде жол-көлік оқиғасына бару, ал кейде құқық бұзушылықтың алдын алу.
«Патрульдік полиция – халықпен тікелей байланыс орнататын қызмет. Біздің басты мақсатымыз – жазалау емес, ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету», – дейді аға лейтенант Нұрхан Мырзаахметов.
Полиция қызметкерінің жұмысы тек физикалық төзімділікті ғана емес, сонымен қатар жоғары жауапкершілікті, сабырлылықты және адамгершілікті талап етеді. Олар тәулік бойы қызметте жүріп, әрбір азаматтың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетеді.
Бұл – жай ғана мамандық емес. Бұл – Отанға қызмет ету, антқа адал болу, халық сенімін ақтау.
Біз қызметтеміз — сіз тыныш ұйықтау үшін!




