Ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев өткен жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында саяси реформалар жасау керектігін жариялады. Жуырда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында Президент Конституциялық реформа туралы нақтылы ойларын ортаға салды.
Мен мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайдағы ұсыныстарын толық қолдаймын! Конституциялық реформаның қажеттігі дер уақытында көтерілген шара, өмірдің алдымызға қойып отырған нақты талабы деп білемін.
Қоғам өте жоғары жылдамдықпен өзгеріп жатыр, әлемдік әлеует шексіз дамыған және тұрақсыздық жағдайын бастан кешіруде. Міне, осындай кезеңде мемлекеттің саяси, әлеуметтік - экономикалық дамуының негізі - Ата Заңымызды заман талабына сай етіп қабылдау кезек күттірмейтін мәселе!
Қазіргі қолданыстағы Конституцияға 30 жылдың ішінде 8 рет өзгеріс, 200-ге жуық түзету енгізіліпті. Енді тағы да өзгерістер енгіземіз бе? Осы тұста әлі де ойлануға тура келеді. Мен Қасым – Жомарт Кемелұлының Құрылтайдағы «бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда, жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз» деген сөзіне тереңірек үңіліп, мән бергеніміз дұрыс деп есептеймін. Шынында да, 1995 жылғы қабылданған Конституция өз міндетін толық атқарып бітті деп санаймын. Біз кейінгі жылдардағы орын алған оң өзгерістерді негізге ала отырып, Жаңарған Қазақстанның бүгіні мен жарқын болашағына бағдар беретін , қарышты қадам болатын еліміздің Жаңа Конституциясын қабылдауымыз керек!
Парламент (Құрылтай) депутаттарын сайлау туралы ойымды да айта кеткім келеді. Депутаттарды сайлаудың маған аралас жүйемен өткені орынды көрінеді. Өйткені, мұндай тәжірибе Мәжілістің екінші шақырылымында болған.
Қазіргі кезде елімізде үш республикалық дәрежедегі қала, он жеті облыс бар. Барлығы 20 бірлік.
Менің ойымша, жоспарланған 145 депутаттың 105-і партиялық тізіммен, ал 40 депутат яғни, әр өңірден екі депутат бір мандатты округтен сайланса ел үшін де, өңір үшінде тиімді болады. Өңірдің ішкі өмірін білетін және сол жердегі сайлаушылар алдында жеке дара жауап беретін депутат сайланғаны, оның сайлауалды бағдарламасының орындалу жауапкершілігін ұлғайтады! Сенім бар жерде ынтымақ - бірлік те нығаяды!
Ел Президенті еліміздің қоғамдық – саяси дамуын жаңа деңгейге көтеру туралы орынды бастама көтерді. Сол бастама жан-жақты терең ойластырылып, жаңарған Қазақстанның жаңа Конституциясы болып өмірімізге енгені дұрыс.
Мұхамбет КӨПЕЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері.




