«Кешеден келдік бүгінге» деп ақын Әбділда Тәжібаев жырлағандай, бүгін – кешегінің жалғасы. Балалық шағы соғыс тұсына және одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарына тап келген ұрпақтың балалық шағы қазіргіден мүлдем басқаша болды.
Олар мектеп табалдырығын аттамай тұрып –ақ еңбекке араласты. Жазда шөп шабуға, күзде масақ жинауға, қыста малдың қиын алып, қорасын тазалауға атсалысты.
Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов бір сөзінде «Соғыс бітіп, елге келгенде көргенімнен төбе шашым тік тұрды. «Мынандай мүсәпір тірлікті көргенше соғыста жүре бергенім жақсы еді ғой» деген ойға берілдім. Күпірлік шығар, бірақ, шыным сол» деген еді. Осыдан –ақ, оқ атылып, бомба жарылып жатпады демесеңіз, тылдағы тірліктің де «шықпа жаным шықпа» деген күйде болғанын түсінуге болады. Міне, сондай қиындықты бастарынан өткерген тыл ардагерлерінің арасында ақ жаулықты әжелер де аз емес.



Мереке күндері күллі еліміздегі тәрізді Сәтбаев қаласының басшылығы да қаладағы әрбір тыл ардагері атанған аналардың шаңырақтарына арнайы барып мерекелерімен құттықтады.
Айталық, қала әкімі М.Бөрібаев Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, партияның XXVIсиезінің делегаты Зейнеп Әбілбекованы құттықтады. З.Әбілбекова апай Қарсақбайдың тумасы.
-Біздің буын еңбекпен шыңдалды. Соғыс тұсында жер аударылып келген Қап тауыхалқының өкілдерінің жағдайы тіпті мүшкіл болды. Әке –шешелеріміз оларға бір үзім нанын,үйдің бір бөлмесін босатып беріп, паналатты. Бәріміз бірге өстік, бір – бірімізді жатсынбадық. Қазір сол халықтың өкілдері ұлтымыздың атына әрқашан жылы лебіз білдіріп жатады. «Жақсылық жақсылық болып қайтады» деп отыратын үлкендеріміз. Солардың айтқандары келді. Сендер де қолдарыңнан келгенше халыққа , елге жақсылық жасауға ұмтылыңдар – деді Зейнеп апай қала басшысымен әңгіме барысында.
Қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары ардақты аналарға ыстық құттықтауға қоса арнайы сыйлықтарын тарту етті. Қарт аналарымыз өз кезегінде оларға ақ батасын беріп, елдің амандығы мен тыныштығын тілейтіндігін жеткізді.
Ай Нұр.