Бүгінгі күнде Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жүйесі терең әрі мазмұнды жаңғыру үдерісін бастан кешіруде.
Бұл өзгерістердің негізінде меритократия қағидаты жатыр. Яғни, мемлекеттік қызметке қабылдау және мансаптық ілгерілету үдерістері адамның жеке қабілетіне, кәсіби біліміне, тәжірибесіне және нақты еңбек нәтижелеріне сүйенеді.
Бұл – тиімді әрі сапалы мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған стратегиялық ұстаным.
Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған стратегиялық құжаттар мен заңнамалық актілер реформалардың институционалдық негізін нығайтты.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңда меритократия мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі ретінде нақты бекітілген. Заң нормалары мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дайындығы мен жеке жетістіктерін әділ бағалауды, сондай-ақ мансаптық өсудің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Нәтижесінде, қызметтік ілгерілеу формалды еңбек өтіліне ғана емес, нақты нәтижелерге, құзыреттер деңгейіне және жауапкершілік ауқымына тәуелді бола бастады.
Бұл тәсіл мемлекеттік аппараттың сапалық құрамын арттыруға, басқарушылық шешімдердің тиімділігін күшейтуге және ең бастысы – қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Әділдік пен ашықтыққа негізделген жүйе кәсіби бәсекелестікті қалыптастырып, талантты кадрлардың мемлекеттік қызметке келуіне жол ашады.
Мансаптық өсудің негізгі тетіктері
Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық дамуы бірнеше маңызды құрал арқылы жүзеге асырылады.
Біріншіден, қызмет нәтижелерін бағалау жүйесі енгізілген. Әрбір қызметшінің жұмысы нақты көрсеткіштер мен индикаторлар негізінде бағаланады. Бұл бағалау нәтижелері көтермелеу, кәсіби оқытуға жіберу немесе жоғары лауазымға ұсыну кезінде негізгі өлшем ретінде қолданылады. Аталған жүйе еңбекті әділ бағалауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, конкурстық іріктеу тетігі тиімді жұмыс істейді. Бос лауазымдарға ашық конкурс жариялау арқылы тең мүмкіндік қағидаты қамтамасыз етіледі.
Үміткерлердің кәсіби және жеке қасиеттері жан-жақты сараланып, объективті шешім қабылданады. Бұл кадр іріктеудегі субъективтілікті азайтып, ашықтық мәдениетін нығайтады.
Үшіншіден, оқыту және кәсіби даму жүйесі үздіксіз жетілдірілуде.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға, басқарушылық және көшбасшылық дағдыларын дамытуға бағытталған бағдарламалар олардың кәсіби әлеуетін тұрақты түрде жаңартуға мүмкіндік береді. Осылайша, үздіксіз білім алу қағидаты мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігіне айналды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі конкурс арқылы тағайындалған
44 мемлекеттік қызметшінің 36-ы бұрын төменгі лауазымдарда еңбек еткен.
Бұл мансаптық өсудің 81% құрайды және жүйенің тиімділігін, кадрлық ілгерілеудің әділ жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.Кадрлық резерв – болашақ басшылар мектебі
Меритократия қағидатын іске асырудың маңызды құралдарының бірі – кадрлық резерв жүйесі. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттің тапсырмасына сәйкес Президенттік жастар кадр резервін және өңірлік кадр резервтерін қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде.
Президенттік жастар кадр резерві – дарынды, бастамашыл әрі кәсіби жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған стратегиялық жоба. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрып, кандидаттардың білімі, тәжірибесі, стратегиялық ойлау қабілеті мен көшбасшылық әлеуеті кешенді түрде бағаланады. Резервке енген жастар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда жауапты қызметтерге тағайындалып, ел дамуына үлес қосуда.
Өңірлік кадр резервтері осы мақсатты жергілікті деңгейде жүзеге асырады.
Олар өңірдің ерекшеліктерін жақсы білетін, әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін бере алатын басқарушы кадрларды қалыптастыруға ықпал етеді.
Мәселен, Ұлытау облысының өңірлік кадр резервінде 20 резервші болса, олардың 7-і (35%) басшы лауазымдарға тағайындалған. Бұл көрсеткіш жүйенің практикалық тиімділігін айқындайды.
Стратегиялық бағдар – сапалы мемлекеттік аппарат
Алдағы кезеңге арналған негізгі бағыттар да айқындалған.
2024–2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы меритократия қағидатын одан әрі нығайтуды, HR-процестерді цифрландыруды және кадр саясатының ашықтығын арттыруды көздейді. Бұл шаралар мемлекеттік қызметті жастар үшін тартымды әрі бәсекеге қабілетті, ал қоғам үшін тиімді әрі нәтижелі институтқа айналдыруға бағытталған.
Қорытындылай келе, Қазақстандағы мемлекеттік қызметтегі мансаптық өсу жүйесі – әділ бәсекеге, кәсібилікке және үздіксіз дамуға негізделген заманауи модель. Мұндай жүйе мемлекеттік басқару тиімділігін арттырып қана қоймай, ұзақ мерзімді ұлттық дамуға қызмет ететін жауапты әрі білікті кадрлар корпусын қалыптастыруға берік негіз қалайды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет
істері агеттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Д.Ерғали




