Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында білім беру бағыты бойынша қызмет көрсету саласының салалық кеңесі өтті. Кеңес жұмысына білім басқармасының өкілдері, колледждер мен мектептердің, дамыту орталықтарының басшылары, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік жөніндегі салалық кеңес мүшелері қатысты.
Отырыс барысында арнайы білім беру қажеттіліктері бар мектеп түлектерін интеграциялау және оларды кейіннен кепілді жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Қатысушылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың кәсіби білім алуына және болашақта еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік беретін әлеуметтік әрі кәсіби интеграция тетіктерін талқылады.

Мектеп директорлары аталған санаттағы жастарды кәсіби оқыту мен жұмыспен қамту мәселелерінің өзектілігін атап өтті.
Ұлытау облысы білім басқармасының өкілі Гүлмира Жұматова білім беру процесін тиімді ұйымдастыру, кәсіби даярлық жүйесін дамыту және түлектердің кейінгі жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі тараптардың үйлесімді өзара іс-қимылы қажет екенін атап өтті.
Әлеуметтік кәсіпкер Жұлдыз Рахымбекова ата-аналармен жұмыстың маңыздылығына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, ата-аналардың баласының даму ерекшеліктерін қабылдауы – оның толыққанды дамуының негізгі алғышарты.
Жезқазған технология және сервис колледжінің директоры Марал Тлеужанова білім беру ұйымдары арасындағы сабақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, мектептер, колледждер және балабақшалар арасындағы тығыз байланыс пен бірыңғай кластер құру тиімді нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысы бойынша мектептер мен колледждердің қатысуымен арнайы білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен жұмыс жүргізетін кластер құру тапсырылды. Сонымен қатар, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді зерделеп, білім беру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу қажеттігі айтылды. Бұл ретте ата-аналарды білім беру процесіне тарту және мектеп тәжірибесін колледж жүйесіне бейімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылады.




