
Қазақстанда алимент өндіру – баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды құқықтық институт. Соңғы жылдары алимент төлемеу жағдайлары жиілеп, оның әлеуметтік, экономикалық және құқықтық салдары өзекті мәселеге айналып отыр.
Алимент өндірудің құқықтық негіздері
Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексіне сәйкес, әрбір ата-ана кәмелетке толмаған баланың материалдық қажеттілігін қамтамасыз етуге міндетті. Алимент белгіленген сот шешіміне немесе нотариалды келісімге сәйкес өндіріледі.
Алимент төлемеген жағдайда борышкерге қатысты келесі құқықтық шаралар қолданылады:
- атқарушылық іс жүргізуді міндетті түрде қозғау,
- елден шығуға уақытша шектеу қою,
- жүргізуші куәлігінен уақытша айыру,
- мүлікке тыйым салу,
- жалақысы мен табысынан мәжбүрлі ұстап қалу,
- жүйелі төлемеген жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік.
Бұл шаралар баланың мүддесін қорғауға және борышкерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Алимент төлемеу салдары
Алиментті уақтылы төлемеген тұлғаға қатысты атқарушылық шаралардың күшейтілуі, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар өсімпұл есептеліп, жалпы берешек көлемі ұлғаяды.
Алимент төлемеу – кәмелетке толмаған баланың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Қаржылық тапшылық білім, денсаулық, әлеуметтік даму мүмкіндіктерін шектейді. Бұл жағдай баланың құқықтарының бұзылуына алып келеді.
Жауапсыздық ата-ана мен бала арасындағы сенімге нұқсан келтіріп, эмоционалдық күйзеліс тудыруы мүмкін. Баланың толыққанды дамуына кедергі жасайды.
Мәселені шешуге бағытталған шаралар
Мемлекет алимент өндіруді тиімді ұйымдастыру мақсатында бірқатар жүйелі қадамдар жасап келеді:
- атқарушылық құжаттарды автоматтандыру,
- борышкерлерді іздестіруді күшейту,
- алименттік міндеттемелерді орындауды бақылау,
- әлеуметтік қызметтер мен медиация орталықтарының қатысуын кеңейту,
- борышкерлерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.
Бұл бастамалар алимент өндіру тетіктерін жетілдіріп, балалардың заңды құқықтарын қорғауға бағытталған.
Алимент өндіру – тек құқықтық рәсім ғана емес, баланың әл-ауқаты мен өмір сапасын қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Алимент төлемеу – заң бұзушылық болып табылады және оның құқықтық, әлеуметтік, психологиялық салдары бар. Мемлекет бұл мәселені шешу үшін кешенді шаралар қабылдап, баланың құқықтарын қорғауды басты назарда ұстап келеді.