Биыл қаламызда мағынасы терең, маңызы зор экологиялық бастама жүзеге асуда. Қалаға кіреберістен бастау алатын «жасыл дәліз» жобасы – қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бұл игі іс тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың игілігі үшін жасалып отыр.
Жоба аясында кіреберіс аумаққа үш қатар етіп 1400-ден астам ағаш көшеті отырғызылды. Қазіргі таңда олардың әрқайсысы жерсініп, тамыр жайып келеді. Жас көшеттердің толыққанды өсіп-жетілуі үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған.
Ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Жол бойымен арнайы суару құбырлары тартылып, заманауи автосуару жүйесі орнатылуда. Сонымен қатар, су тапшылығының алдын алу мақсатында ұңғымалар қазылып, көлемі 50 текше метр болатын арнайы су сақтау сыйымдылықтары орналастырылуда. Бұл шаралар әрбір ағаштың сапалы күтіммен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.
Жоба барысын бақылау мақсатында мердігер мекеме өкілдерімен кездесулер өткізіліп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен алдағы міндеттер талқылануда. Мұндай жүйелі бақылау жұмыстың тиімді әрі сапалы орындалуына негіз болады.
Аталған аумақтың өнеркәсіптік аймақ екенін ескерсек, бұл жерде жасыл белдеу қалыптастыру – экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңызды бір жолы. Жасыл желек ауаның сапасын жақсартып, қала келбетін көркейтіп қана қоймай, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырады.
Осы ретте қала тұрғындарына да үндеу жасалады. Әсіресе мал ұстайтын азаматтардан малды қараусыз жібермеу сұралады. Себебі бүгін отырғызылған әрбір көшет – ортақ еңбектің нәтижесі әрі болашаққа жасалған инвестиция.
Әрбір егілген ағаш – келешекке деген жауапкершіліктің белгісі. Бүгін атқарылған жұмыс ертең өз жемісін беретіні анық. Қаламызды жасыл, таза әрі көрікті ету – баршамызға ортақ міндет.




