Жезқазған қаласында жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды жастар форумы өтті. «Жігер» спорт кешенінде ұйымдастырылған «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты іс-шараға мыңға жуық жас қатысты. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімдігі хабарлады.
Форум барысында қатысушыларға конституциялық өзгерістердің маңызы кеңінен түсіндірілді. Спикерлер бұл өзгерістердің елдің одан әрі дамуына, әділетті әрі прогрессивті қоғам қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ алдағы референдумның Қазақстанның болашағы үшін маңызды екеніне ерекше назар аударылды.
Іс-шараға жиналған жастардың қатарында студенттер, жұмысшы мамандықтарының өкілдері, ұлттық компания қызметкерлері, медицина саласының мамандары, шығармашыл жастар мен өңірдің белсенді азаматтары болды. Форум жас буынның қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.
Жиында Жезқазған қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Сәкен Қайратов, «Amanat» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы Нұргүл Талғатбекова және «Ұлар-Ұлытау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абай Ораз сөз сөйледі. Олар жастардың ел дамуына қосатын үлесі зор екенін айтып, мемлекет болашағына қатысты мәселелерде белсенді болуға шақырды.
Форум концерттік бағдарламамен жалғасты. Шара барысында жас орындаушылар патриоттық әндер орындап, қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастарды елдің қоғамдық-саяси өміріне тартуға, пікір алмасуға және Қазақстанның болашағына қатысты ортақ көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.




