Жезқазған қаласында ерекше білімді қажет ететін балаларға қоғам назарын аудару мақсатында әлеуметтік бағыттағы бейнеролик әзірленді. Аталған жоба ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың ұсынысы негізінде және Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қолдауымен жүзеге асырылды.
Игі бастаманың негізгі мақсаты – қоғамда ерекше балаларға деген дұрыс көзқарас қалыптастыру, оларды ортаға бейімдеу және тең мүмкіндіктер жасау қажеттігін кеңінен насихаттау. Өйткені әрбір бала – бақытты өмір сүруге лайық, ал олардың ерекше болып дүниеге келуінде ешқандай кінә жоқ.
Әлеуметтік ролик арқылы ерекше балалардың өмірі, олардың қуанышы мен талпынысы көрсетіліп, қоғам мүшелерін мейірімділікке, түсіністік пен қолдауға шақырады. Мұндай бастамалар инклюзивті қоғам қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Мамандардың айтуынша, ерекше балаларды қоғамнан шеттетпей, керісінше, олардың қабілеттерін дамытуға жағдай жасау – адамгершіліктің айқын көрінісі. Ата-аналар үшін де мұндай қолдау олардың сенімін нығайтып, өмірге деген көзқарасын оң бағытта өзгертеді.
Жалпы, бұл жоба қоғамда мейірім мен жанашырлық құндылықтарын дәріптеп, әрбір баланың бақытты болуға құқығы бар екенін тағы бір мәрте еске салады. Ерекше балаларға қолдау көрсету – баршамызға ортақ міндет.




