Қоғамдағы ең маңызды құндылықтардың бірі – бала қауіпсіздігі. Осы бағытта Жезқазған қаласында маңызды кездесу ұйымдастырылып, бала амандығына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Іс-шараны қала әкімдігі мен қалалық Аналар кеңесі бірлесіп өткізіп, қоғам назарын бала қауіпсіздігіне аударуды мақсат етті.
Кездесу барысында Аналар кеңесінің төрағасы Раушан Қапарова жиынның маңыздылығына тоқталып, арнайы шақырылған қонақ – белгілі журналист, «Aman bala» әлеуметтік жобасының авторы Гүлмира Төлендіқызы Алякпарова өз жобасын таныстырды. Жоба аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары, ата-аналар мен қоғамның рөлі жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шара барысында бүгінгі қоғамдағы бала қауіпсіздігіне қатысты бірқатар маңызды мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, балалардың көшедегі қауіпсіздігі, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау кезіндегі сақтық шаралары, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғану жолдары және балаларға қарсы жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу тетіктері талқыланды. Бұл тақырыптар ата-аналар мен педагогтер үшін аса өзекті екені анық байқалды.
Кездесудің негізгі мақсаты – ата-аналардың, ұстаздардың және қоғам өкілдерінің бала қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа қауіпсіз өмір сүру дағдыларын ерте жастан қалыптастырудың маңызы ерекше атап өтілді.
Осындай тағылымды әрі мазмұнды кездесулер – қоғамның бала болашағына бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды қадам. Себебі бала қауіпсіздігі – тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат осы жауапкершілікті терең сезінгенде ғана біз қауіпсіз әрі саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз.




