Қазақ айтыс өнерінің тарихына көз жүгіртсек шашасына шаң жұқтырмай өткен әрісі Шашубай мен Кемпірбай, Нұрлыбек пен Нұрхан, дауылпаз Иса мен Әсет, сөз сүлейі Сүйінбай мен Жамбылдарды айтпағанда, кешегі өзіміз көздерін көріп, сөздерін тыңдаған Халық ақындары Көкен Шәкеев пен Манап Көкенов, Көпбай Омаров пен Тәушен Әбуова, Әселхан мен Қонысбай, Шынболат пен Есенқұл Жақыпбеков, Ерік Асқаров сынды сөз майталмандарын көреміз.
Бұл тізімді әрмен қарай соза беруге де болар еді. Алайда айтайын дегеніміз қазақ айтысының майталмандарын түгендеп шығу емес. Аттары аталған тұлғалардың осы бір шағын тобынан-ақ айтыс өнерінің асқақтығын, айбары мен сұсын байқауға болады.
Осы тізімнің бел ортасында қазақ айтысының қақ төрінен ойып тұрып орын алған арқалы ақындардың бірегейі, биыл «70» дейтін желкенді жасқа абыроймен келіп жатқан қасиетті Ұлытаудың перзенті Мұқаш Сейтказинов десек артық айтқандық болмас.
Мұқаңның айтыс жанкүйерлерінің аузындағы лақап аты – «Дәри-дай ақын».
Сосын Мұқаңды өзге ақындардан дараландырып тұратын ерекшелігі - ол домбырасыз айтысатындығы.
Иә, ол кәдімгі домбыраны (құлақ күйін келтіре ме, келтірмей ме білмеймін) шертетін адам құсап, қолына нық ұстап шығатын да: - Дәй, дәри-дәридәй, дәридәй, - деп айтысын бастап кететін. Бұрын - соңды мұндайды көрмеген ақындар да, зал толы көрермендер де алғашында аңтарылып қалатын.
Жаңылмасам, Мұқаңмен 1990 жылы Алматыда өткен ІІІ республикалық ақындар айтысында таныстық-ау деймін. Олай дейтінім, сол жолғы айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен бас-аяғы 120 ақын қатысып, бір күн бойы іріктеуден өттік. Сосын барып іріктеуден өткен 96 ақын, яғни 48 жұп М.Әуезов театрында бес күн бойы таңғы сағат 10-нан кешкі 8-9-ға дейін сөз сайысына түскен болатынбыз.
Сол жолы әр облыстан шамамен он шақты, ал Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Жезқазған сынды қазақы қаймағы бұзылмаған өңірлерден одан да көп ақын, жыршы, әнші, термешілер келген еді.
Қазақтың қабырғалы қаламгері, жарықтық Әбіш Кекілбаев төрағалық еткен осы айтыс көгілдір экран арқылы күллі республика жұртшылығына насихатталып, талай-талай өнерпаздың бағын ашып, бұқара халыққа танымал етті.
Мұқаң екеуіміз Алматы сахнасында айтысып көрмесек те, аймақтарда өткен ірі-ірі жыр долаларында жолымыз сан мәрте түйісті. Бұл жөнінде ағамыз да өзінің маған арнаған бір өлеңінде:
- Ел егемен - енді біз тұсалмайық,
Бүгінге игілікті іс арнайық.
Аузымен құс тістеген айтыскердің,
Бірі осы - Серік інім Құсанбаев.
Көрермендер құлағын жырға түрген,
Ұстайтын Жүрсін бізді түрлі ақылмен.
Бірнеше рет шыққанмын жекпе - жекке,
Сол қолға найза ұстаған бұл батырмен.
Жүздесіп жүруші едік ол тұста көп,
«Солақай» - «Даридай» боп айтысқан ек - деп әдемі келтіріп те өткені бар-ды.
Мұқаңның сахнада отырып табан астында суырып салып айтатын жыр шумақтары, сөз саптасы, ұйқастары, ұлы Абай айтқандай, теп-тегіс, айналасы жұп-жұмыр боп келетін. Ол қайсыбір ақындар секілді халыққа қол соқтырам деп түрлі-түрлі айла-әрекеттерге, қулыққа, жасандылыққа, арзан қылжақ сөздерге бармайтын.
Айтыстан тысқары жерлердегі Мұқаңның азаматтық ұстанымы, ағалық қамқорлығы, кісілігі мен кішілігі жайлы да ауыз толтырып айтуға болады.
Жезқазғанда өткен «Ұлытау үні» фестивалінде айтысып отырып:
- Ауылы бұл Мұқаңның Шеңбер деген,
Шеңберге ризықты Алла кем бермеген.
Сол елдің қанды балақ қыранысың,
Талайды сахнада шеңгелдеген, - дегенім бар еді.
Сол қандыбалақ қыран Мұқаш 70-дейтін құзар шыңға қонақтап жатқан көрінеді.
Аса қадірлі Мұқа!
Қонған биігің аласармасын!
Биік шыңның басынан айналаңды жіті бақылап, көрген - білгеніңді қазақ дейтін қаймана жұртыңа жыр ғып төге бер!
Құрметпен,
қарт Алтайдың бауырында жүрген тілектес бауырың
Серік ҚҰСАНБАЕВ.
ӨСКЕМЕН.
«Аймақ ақшамы» , 31.03.2026




