Форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов елімізде инвестицияларды қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық саясаттың басты қағидаттарын айқындап берген. Атап айтқанда, әрбір инвестор нақты құқықтық қорғауды сезініп, елдегі ашықтық пен тұрақтылыққа толық сенімді болуы тиіс. Бұл ұстанымдар Қазақстанның заманауи инвестициялық саясатының негізін құрайды.
Қазіргі таңда Қазақстан 48 үкіметаралық инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойған. Бұл өз кезегінде елде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға берік құқықтық негіз жасайды.
Конституцияға сәйкес прокуратура органдарына заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау міндеті жүктелген. Осы өкілеттіктер аясында азаматтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау жұмыстары жүзеге асырылуда. Бүгінде прокуратура органдары екі мыңға жуық инвесторға қолдау көрсетіп, 30 мың жұмыс орнын қамтитын 250-ден астам инвестициялық жобаның іске асырылуына ықпал етті.
Сонымен қатар, Қазақстан прокуратурасы Мемлекет басшысына тікелей бағынатын тәуелсіз орган ретінде инвесторлардың құқықтарын қорғауда жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
Инвесторларды қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында 2025 жылғы желтоқсандағы Президент Жарлығымен Инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас Прокурорға жүктелді. Осыған байланысты Бас прокуратура базасында Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды.
Өңірлерде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу үшін арнайы инвестициялық прокурорлар тағайындалды. Ендігі кезекте еліміздегі әрбір маңызды инвестициялық жоба прокурорлық бақылауда болады және әр инвесторға нақты жауапты прокурор бекітіледі.
Сондай-ақ заңнамада «прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілген. Бұл нормаға сәйкес мемлекеттік органдар прокурордың келісімінсіз инвесторларға қатысты тексеру жүргізуге, қызметін тоқтатуға немесе лицензияларын кері қайтарып алуға құқылы емес. Мұндай шаралар бизнесті негізсіз қысымнан қорғауға бағытталған.
Бас Прокурор заңсыз шешімдер қабылданған жағдайда олар жойылып, жауапты тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылатынын атап өтті. Сонымен қатар заңнамадағы кедергілер де жүйелі түрде жойылатын болады. Осы мақсатта уәкілетті органдардың нормативтік-құқықтық актілеріне ревизия жүргізу тапсырылды.
Бас прокуратура Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес инвесторлардың құқықтарын қорғауды толық қамтамасыз етуді жалғастырады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Инвестициялық штаб қызметінің тиімділігі ерекше атап өтілді. Соңғы екі жыл ішінде штаб аясында 200-ден астам инвестициялық жоба қаралып, олардың жалпы құны 100 млрд АҚШ долларынан асты. Ал инвестициялық келісімдердің көлемі 15 есеге өскен.
Бұл көрсеткіштер инвесторлардың Қазақстанға деген сенімінің артып келе жатқанын және мемлекеттік органдар арасындағы тиімді үйлестірудің нәтижелі екенін көрсетеді.




