Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша кезекті рет қабылдады. Бұл жолғы қабылдауға үш өтініш тіркеліп, азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей облыс басшысына жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Қабылдау барысында көтерілген негізгі мәселелер жол саласы қызметкерлерінің материал тасымалдау кезінде туындаған қиындықтары, жер телімін алу, сондай-ақ кезек бойынша тұрғын үй алу мәселелеріне қатысты болды. Тұрғындар өз өтініштерін айтып, нақты шешім қабылдауды сұрады.
Өңір басшысы азаматтардың барлық ұсыныстары мен өтініштері заң аясында мұқият қаралуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар, әрбір мәселе бойынша тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауда ұстайтынын жеткізді.
– Әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс. Барлық өтініштер заң талаптарына сәйкес қаралып, мүмкіндігінше нақты шешім қабылдануы керек, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің қабылдауына 8 710 2 60 02 96 байланыс нөмірі арқылы немесе E-otinish ақпараттық порталы арқылы жазылуға болады.




