Ұлытау өңірінде қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Мұқаш Сейтқазиновтің 70 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Мерейтойға орай ұйымдастырылған салтанатты жиында ақынның шығармашылық мұрасы насихатталып, «Дәридай-дәурен» атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Бұл жинақ ақынның көпжылдық еңбегінің жемісі ретінде оқырман қауымға жол тартты.
Айтулы шараға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысып, мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар, өңір басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың арнайы құттықтау хатын табыстады.
Өз сөзінде облыс әкімі Мұқаш Сейтқазиновтың айтыс өнеріндегі айрықша орнына тоқталып:
«Алпыстан астам дүбірлі айтыста топ жарып, қазақ еліне “Дәридай ақын” атымен кеңінен танылдыңыз. Бұл атау айтыс өнеріндегі өзіндік брендке айналды», – деп атап өтті.
Мерекелік кешке еліміздің белгілі қаламгерлері мен өнер қайраткерлері арнайы қатысып, ақынға деген ыстық ықыластарын білдірді. Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінен жолданған құттықтау хаттар оқылды.
Іс-шара барысында ақын шығармашылығына арналған жыр оқу байқауының жеңімпаздары марапатталып, жүлделерді мерейтой иесінің өз қолынан алды. Бұл жас буынның поэзияға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама болды.
Салтанатты кеш барысында Мұқаш Сейтқазиновтың жүрекке жетер жырлары оқылып, көрермен қауымға ерекше рухани әсер сыйлады. Тағылымы мол кеш ақын шығармашылығының тереңдігін тағы бір мәрте айқындап, оның қазақ руханиятындағы орнын айшықтай түсті.




