Қала инфрақұрылымын жаңарту – тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы ең маңызды бағыттардың бірі. Осы ретте былтыр Байсейітова, Аманжолов және Құрманғазы көшелерінде ауқымды кәріз желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Аталған көшелердегі кәріз жүйесі шамамен 30 жыл бойы күрделі жөндеуді көрмеген болатын. Сол себепті өткен жылы бұл аумақтарда толыққанды жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде үш көшеде жалпы ұзындығы 2746 метр жаңа кәріз желісі тартылды. Бұл – тек инженерлік желілерді ауыстыру ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Биыл осы жобаның келесі кезеңі басталмақ. Яғни, жаңадан тартылған кәріз жүйесіне тұрғын үйлерді қосу жұмыстары жүзеге асырылады. Жоспар бойынша 173 үй орталық кәріз жүйесіне қосылады. Бұл өз кезегінде санитарлық жағдайды жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аталған көшелердегі жолдардың қазіргі жағдайы көпшілікті алаңдататыны рас. Әсіресе көктем мезгілінде жауын-шашын кезінде тұрғындардың жүріп-тұруы қиындай түседі. Балалардың мектепке баруы, күнделікті қатынас – барлығы да жол сапасына тікелей байланысты екені белгілі.
Дегенмен, мамандардың айтуынша, үйлер толықтай кәріз жүйесіне қосылмайынша жолдарға асфальт төсеу мүмкін емес. Егер қазір жол жөнделсе, кейін кәрізге қосу үшін қайтадан қазуға тура келеді. Бұл – уақыт пен қаржыны тиімсіз жұмсау деген сөз. Сондықтан ең алдымен инженерлік инфрақұрылымды толық аяқтау – басты міндет.
Кәріз жүйесіне қосу жұмыстары аяқталғаннан кейін, жердің табиғи түрде шөгуіне уақыт беріледі. Тек содан кейін ғана жолдарды қалыпқа келтіру және асфальт төсеу жұмыстары басталады.
Жалпы, бұл жобаның басты мақсаты – жұмысты асығыс емес, сапалы әрі ұзақ мерзімге лайық етіп орындау. Бүгінгі сабыр мен түсіністік – ертеңгі жайлы әрі қауіпсіз көшелердің кепілі болмақ.




