Кезекті кездесу Жезқазған қаласындағы «Ремстрой» ЖШС ұжымымен өтті. Жиын барысында Жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кеңінен таныстырылып, оның басты бағыттары мен маңызы түсіндірілді.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалды, «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, «Ремстрой» ЖШС директоры, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Николай Распопов, «Республика» партиясының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Светлана Оңғарбаева, және Қазақстан Халықтық партиясының Ұлытау өңірі бойынша төрағасы Оразалы Бақырбаев қатысты.

Спикерлер Конституциядағы жаңашыл бастамалардың ел дамуына, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді.
«Жаңа Конституция жобасы – ел болашағы үшін маңызды құжат. Ол қарапайым халықтың құқығын қорғауды күшейтіп, әділ қоғам құруға бағытталған. Бұл құжатта әр азаматтың пікірі мен мүддесі ескерілді. Өзгерістер мемлекет пен халық арасындағы сенімді арттыруға көмектеседі. Жаңа Конституция – барлығымызға ортақ жауапкершілік пен жаңа мүмкіндіктердің бастауы»,-деді Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды.





