Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының екінші шығарылымының түсірілім жұмыстары жүргізілді. Аталған жобаны Ulytau облыстық телеарнасы жүзеге асыруда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтық қорғау органдарының қызметін насихаттау және халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру.
Түсірілім авиациялық ангар аумағында өтті. Іс-шара барысында төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасы, заманауи құрал-жабдықтары мен арнайы техникалары таныстырылды. Сонымен қатар, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету тетіктері көрсетілді.
Іс-шараға Ұлытау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, бөлімшелердің техникалық жарақтандырылуы, жеке құрамның кәсіби даярлығы және төтенше жағдайларға ден қою деңгейін арттыру мәселелері қамтылды.
Аталған тележоба халыққа төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету жөнінде ақпарат беруге бағытталған.
Түсірілген шығарылым алдағы уақытта өңірлік телеарна эфирінен көрсетілетін болады.




