Бүгін қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінде "Қазақмыс Корпорация" ЖШС басшылығы ауызашар дастарханын жайды. Сауабы мол, тағылымы терең бұл жиынға кәсіпорын жұмыскерлері мен еңбек ардагерлері құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Дастархан басына түрлі ұйымдар мен мекемелердің өкілдері жиналып, ең әуелі өмірден өткен кеншілердің рухына Құран бағышталып, салауат айтылды. Бұл — кен өндірісінде тер төккен азаматтарға деген тағзым мен құрметтің айқын көрінісі болды.
Іс-шара барысында көпбалалы әке, қазақтың күйеу баласы Александр Чеботаруға Ұлытау қоры қайырымдылық ұйымы үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
Алғабас ауылының тумасы Александр бірнеше жыл бұрын жұбайынан айырылып, ұл-қыздарын өзі тәрбиелеп келеді. Азамат Сәтбаев қаласына қоныс аударып, қордан көмек сұраған болатын. Бүгін сол үміт ақталып, отбасы жаңа шаңыраққа қол жеткізді.
Александр мен балаларының қуанышында шек жоқ. Олардың шаттығын еселей түсу үшін Жастар болашақ ұйымы да арнайы сый-сияпат жасап, балалардың көңілін көтерді.
Бұл ауызашар тек рухани кеш қана емес, мейірім мен жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналды.
Светлана Оңғарбаева




