Сәтбаев қаласындағы №46 референдум учаскесінде барлығы 1387 дауыс беруші тіркелген екен. Келушілер легін көргенде кісінің көзі қызығады. Мұнда дауыс беру үшін барлық жағдай жасалғаны да байқалады.
– Таңертеңнен бастап адам легі үзілген емес. Ең бірінші болып Михаил Борисұлы Низамов есімді азамат келді – деген учаске төрағасы Ғ.Т. Иманбаева – Қазбекованың сөзін бөліп жіберіп: – Куәлігі бойынша Борисович шығар –дедік. Сөйтсек...

Михаилдің жеке куәлігінде «Борисұлы» деп жазылған екен. Өзі қазақшаға судай көрінеді. Ол туралы осындай мағлұмат берген төрағаға ертелетіп келмегеніме, Михаил Борисұлын суретке түсіріп алмағаныма өкінетінімді айттым.
- Еш өкінбеңіз. Біз ол азаматты суретке де түсіріп алдық. Ең бірінші болып келген дауыс беруші ретінде оған «Сәтбаев» альбом – анықтамалығын тарту да еттік. Ол қуана – қуана қабыл алды – деген Ғалия Тәңірбергенқызы маған өздері түсірген суреттерді де ұсынды. Ал, мен сол туралы осында жазып отырмын.
Абдолла Дастан




