Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер Сарайына негізінен жастар жиналды. Бұл түсінікті де еді. Өйткені, форумның мақсаты – жастарды есірткі ессіздігіне елігіп кетуден сақтандыру болатын.
«Аурудың емін іздегенше, ауырмайтын жол ізде!» демекші, жастар алдында сөз сөйлеген құқық қорғау , денсаулық сақтау саласының өкілдері нашақорлыққа салынудың , есірткіні сауда көзіне айналдырудың зардаптары жөнінде жан – жақты әңгімеледі.
Қала әкімінің орынбасары Дархан Мұхан нашақорлық - рухани мүгедектіктің бүр түрі екеніне тоқталды.
- Бүгін біз осында жай ғана форум өткізу үшін емес, өте маңызды тақырыпты ашық айту үшін жиналдық. Ол – әрқайсымызға тікелей қатысты мәселе. Бұл – нашақорлық және оның жастар өміріне тигізетін зияны.
«Таза сана – жарқын қоғам» деген сөз жай әдемі ұран емес. Бұл – өмірлік таңдау. Себебі адамның санасы таза болса, мақсаты да айқын болады, болашағы да нық қалыптасады. Ал зиянды әдеттер, өкінішке қарай, сол болашақты үнсіз ұрлайды.
Қазір ақпарат көп, мүмкіндік те жеткілікті. Бірақ сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану – өз қолдарыңызда. Ешкім бірден нашақор болып кетпейді. Бәрі «бір рет көрейін», «достарым істеп жүр ғой» деген ойдан басталады. Ал оның соңы қандай болатынын бәріміз жақсы білеміз.
Сіздерден өтінерім – өз өмірлеріңізге жауапкершілікпен қараңыздар. Өзіңізді құрметтеңіз. Уақытыңызды білімге, спортқа, өнерге, дамуға арнаңыз. Қиын сәт болса – жалғыз қалмаңыз. Сұраудан, көмек сұраудан қорықпаңыз. Бұл әлсіздік емес, бұл – саналы қадам.
Біз, жергілікті атқарушы органдар, жастарға қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз. Қалада спортпен, шығармашылықпен айналысуға, пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар және ол жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Ең бастысы – таңдау сіздердің қолдарыңызда. Таза сана – мықты болашақтың бастауы. Ал жарқын қоғам дәл сіздерден басталады.Форумнан пайдалы ой түйіп, әркім өзі үшін дұрыс қорытынды шығарады деп сенемін –деді ол.
Форум барысында жастардың көзін ненің зиян, ненің пайдалы екеніне көздерін жеткізе түсетін әртүрлі қойылымдар, спорттық жарыстар ұйымдастырылды.




