Жезқазған қаласында «112 KZ» телебағдарламасының екінші шығарылымы түсірілді. Жобаны Ulytau облыстық телеарнасы қолға алып, өңірдегі төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын кең аудиторияға таныстыруды мақсат етеді.
Түсірілім авиациялық ангар аумағында өтті. Бағдарлама барысында құтқарушылардың күнделікті қызметі, олардың жедел әрекет ету қабілеті және заманауи техникалардың мүмкіндіктері көрсетілді. Әсіресе төтенше жағдайлардың алдын алу мен қауіпсіздік шаралары кеңінен қамтылды.
Іс-шараға Ұлытау облысы ТЖД бастығы, полковник Есен Байыров қатысып, өңірдегі азаматтық қорғау жүйесінің дамуы туралы айтып өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда бөлімшелердің техникалық жабдықталуы жақсарып, қызметкерлердің кәсіби дайындығы күшейтілуде.
Бағдарламаның басты мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын түсіндіру. Осындай жобалар арқылы халыққа пайдалы ақпарат беріліп, қауіптің алдын алуға мүмкіндік жасалады.
Жаңа шығарылым жақын күндері өңірлік телеарна эфирінен көрсетіліп, көрермен назарына ұсынылады.




