Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл өңірде 1 наурыз бен 30 маусым аралығында мерзімді әскери қызметке шамамен 1200 азаматты шақыру жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Ардақ Құмаров мәлімдеді.
Әскерге шақыру 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтарды қамтиды. Денсаулық жағдайы бойынша жарамды және кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ азаматтар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Ұлттық ұланы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырады.
Бүгінде әскерге шақыру үдерісі бұрынғыға қарағанда ашық әрі қолжетімді бола түсті. Болашақ сарбаздарға жеке шақыру қағаздары жіберіліп қана қоймай, «1414» бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарламалар да жолданады. Сонымен қатар азаматтар кез келген сұрақ бойынша жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің электронды поштасы немесе әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы қажетті ақпарат ала алады.
Мамандардың айтуынша, әскери қызметтен жалтарған азаматтарға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан әскерге шақыру талаптарын орындау – әр азаматтың міндеті.
Сондай-ақ мерзімді әскери қызметшілерге бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Қызмет өткеру кезеңінде олардың несие міндеттемелері бойынша төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі бар. Ал әскери қызметін абыроймен аяқтаған азаматтарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарына ақылы негізде ҰБТ нәтижесін есепке алмай түсу құқығы беріледі. Сонымен қатар үздік қызмет еткен сарбаздарға грант негізінде білім алу мүмкіндігі қарастырылған.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып саналады. Бұл – жас азаматтар үшін Отан алдындағы борышын өтеумен қатар, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды мектеп.




