15 наурызда елімізде тарихи маңызы зор республикалық референдум өтеді. Бұл күні жалпыхалықтық дауыс беруге: «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген нақты сауал шығарылып, ел тағдырына қатысты ең басты шешімді қабылдау халықтың еншісіне беріліп отыр.
Қазір біз мемлекетіміздің саяси бет-бейнесі түбегейлі өзгеретін, жаңа дәуірге қадам басатын шешуші кезеңде тұрмыз. Бұл – уақыт талабы мен халық сұранысына берілген нақты жауап.
Әділ әрі демократиялық мемлекет – ең алдымен, тең мүмкіндіктер ордасы. Мүмкіндіктер теңдігі дегеніміз – қоғамдағы кез келген лауазым мен жетістікке адал еңбекпен, білім-білікпен, дарынмен, саяси бәсекелестік арқылы жету. Жаңа Ата заң осы меритократия қағидаттарының салтанат құруына жол ашады.
Осындай жауапты сәтте халықтың референдумға қатысу белсенділігі айрықша маңызға ие. Өйткені Конституцияға енгізілетін өзгерістердің тағдыры мен елдің бағыт-бағдары тікелей осы дауыс берудің нәтижесіне байланысты. Жалпыхалықтық референдум – жай саяси науқан емес, біздің саяси мәдениетіміз бен азаматтық ұстанымымыздың көрінісі. Ел тарихындағы осынау елеулі оқиғаға бей-жай қарамай, өз таңдауын жасау – әрбір отандасымыздың басты борышы. Себебі бұл шешім тек бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына, олардың қандай елде өмір сүретініне тікелей әсер ететін маңызды меже.
Бүгінгі қоғамда күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелер жеткілікті. Мемлекет басшысы осы түйткілдерді тарқатып, құрғақ сөзден нақты іске көшу мақсатында осындай батыл қадамға, маңызды шешімге барып отыр. Алдағы конституциялық референдум – тұтас мемлекеттің даму көкжиегін кеңейтіп, бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды шара.
Бәріміз бір кісідей жұмылып, ортақ мақсатқа үн қоссақ қана өзіміз армандағандай адал, таза әрі дамыған Қазақстанды құра аламыз. Еліміздің болашағы тікелей осы референдумға байланысты. Сондықтан 15 наурыз күні елім, жерім дейтін, туған Отанының ертеңіне жаны ашитын әрбір азаматты тарихи таңдау жасап, өз дауысын беруге шақырамын.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты




