Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ұйымдастыруымен Жезқазған қаласында «Біртұтас ел – Біртұтас жер» атты әскери-патриоттық акция өтті. Іс-шараның басты мақсаты – әскери қызметтің беделін арттыру, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері туралы оң имидж қалыптастыру және жас буынның отансүйгіштік рухын нығайту.
Акция аясында Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің, Әскери білім департаментінің, сондай-ақ Ұлттық әскери-патриоттық орталық өкілдері арнайы келіп, жастармен мазмұнды кездесу өткізді. Сонымен қатар Ұлытау облысы бойынша Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты базасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында 9–11 сынып оқушыларына әскери жоғары оқу орындарына түсу тәртібі, талаптары мен құжат тапсыру кезеңдері жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ әскери қызмет өткеру шарттары, сарбаздар мен офицерлерге қарастырылған әлеуметтік жеңілдіктер, білім алу мүмкіндіктері мен мансаптық өсу жолдары туралы нақты ақпарат берілді.
Шара барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан толыққанды жауап алды. Әсіресе әскери мамандықтардың ерекшелігі, әскери оқу орындарындағы тәртіп пен оқу процесі, әскери қызметшілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары оқушылардың қызығушылығын арттырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар өңірлерде тұрақты түрде өткізіліп, өскелең ұрпақты ел қорғау ісіне баулуға, олардың бойында жауапкершілік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған. «Біртұтас ел – Біртұтас жер» акциясы – ел болашағы саналатын жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды алаңы.




