Ұлытау облысының прокуратурасы өңірдегі гидротехникалық құрылыстарды мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Бұл шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заңдылықты нығайтуға бағытталған.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде бұрын жеке меншікке өтіп кеткен «Кылыш» су қоймасының гидротехникалық құрылысы мемлекетке қайтарылды. Аталған нысанның жобалық сыйымдылығы 11,5 млн текше метрді құрайды және өңір үшін стратегиялық маңызы зор.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай нысандардың мемлекет бақылауында болуы төтенше жағдайлардың алдын алуға және су қорларын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Әсіресе, гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы ерекше назарда болуы тиіс.
Қазіргі таңда Қаражал қаласының әкімдігі су қоймасын әрі қарай тиімді пайдалану және инфрақұрылымын жақсарту мақсатында нақты қадамдар жасауда. Атап айтқанда, гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 16,4 млн теңге бөлінді.
Жоба аясында екі жаңа сорғы станциясын салу, шлюздерді ауыстыру және жоғары кернеулі электр желілерін жүргізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар су қоймасының сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді.
Осылайша, прокуратура органдарының жүйелі жұмысы нәтижесінде стратегиялық маңызды нысандар мемлекет меншігіне қайтарылып, олардың қауіпсіз әрі тиімді пайдаланылуына жол ашылуда.




