Конституция - Қазақстан Республикасының негізгі Заңы. Әрбір адам Конституцияны мемлекеттің өміріндегі маңызды оқиға ретінде қабылдауы тиіс.
Жаңа Конституция адам құқықтарының іргелі кепілдіктерін күшейтеді. Өмір сүру құқығының абсолюттілігі,жеке басының қол сұғылмаушылығы,цифрлық деректерді қорғау,сөз бостандығы,ғылыми,техникалық және көркем шығармашылық еркіндігі,зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне қатысты ережелер қамтылған. Жаңа Конституцияның өзекті идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар айқындалған.
Бұдан өзге, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша назар аударылған. Діннің мемлекеттен бөліну қағидаты бекітіледі. Рухани және діни білім беру ұйымдарын қоспағанда,білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипаты белгіленеді. Сонымен қоса, некенің ерікті және ер мен әйелдің тең құқықты одағы екені жөніндегі норма енгізіледі. Бұл әйелдердің құқықтарын қоғауды күшейтуге және дәстүрлі құндылықтарды қорғауға бағытталған.
Конституция жобасының негізгісі ретінде төмендегілерді атап өтуге болады:
-145 депутаттан тұратын, кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент - Құрылтайды құру. Оны қалыптастыруға пропоционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жыл болады.
-Жалпыұлттық диалогтың жаңа платформасы - Қазақстанның Халық Кеңесін құру. Бұл халықтың мүддесін білдіретін, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативтік орган болады.
-Вице-Президент институтын құру. Ол Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстанның және шетел мемлекеттерінің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
-Зияткерлік меншікті қорғау.
Жаңа Конституция жобасы қоғам мен мемлекетті дамытудың міндеттеріне жауап береді. Ол қалыптасқан мемлекеттік негіздерді қайта бекіте отырып, «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының логикасына сай екпіндерді күшейтеді.
Қайрат Смайлов,
Сәтбаев қаласы Қоғамдық Кеңесінің төрағасы.




