Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Бұхара қаласында өткен жасанды интеллект бойынша жалпыұлттық хакатонға қатысып, жас мамандардың жобаларымен танысты.
Іс-шара барысында мемлекеттер басшыларына аталған хакатонның негізгі мақсаты – ІТ және жасанды интеллект саласында білім алған талантты жастарды анықтап, оларды қолдау екені баяндалды. Бұл бастама заманауи технологияларды дамытуға серпін беріп, инновациялық экожүйені нығайтуға бағытталған.
Хакатон білім беру ұйымдары, бизнес құрылымдар және мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді. Қатысушылар медицина, білім беру технологиялары және кәсіпкерлік салаларындағы нақты мәселелерді шешуге арналған жобалар әзірлеумен айналысты.
Ауқымды өңірлік жарысқа мыңнан астам жас маман, студенттер мен бағдарламашылар қатысып, өз идеяларын ұсынды. Бұл өз кезегінде Орталық Азия өңірінде цифрлық технологияларға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, президенттерге GovTech Uzbekistan цифрлық үкіметінің соңғы әзірлемелері таныстырылды. Атап айтқанда, көлік, кеден, салық, энергетика, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құрылыс және өнеркәсіп салаларындағы заманауи цифрлық шешімдер ұсынылды.
Жалпы, бұл іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы технологиялық ынтымақтастықты нығайтып, цифрлық трансформация бағытындағы ортақ бастамаларды дамытуға жаңа мүмкіндік береді.




