Бүгін Ұлытау облысында «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді. Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жерге деген жанашырлықты арттыру.
Акция барысында жастар қаланың орталық алаңында орналасқан ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін жуып, оның айналасын толықтай тазартты. Сонымен қатар, қаладағы скверлер мен демалыс орындарында да тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, жиналған қоқыстар арнайы орындарға шығарылды.
Шараға қатысушылар табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Олар мұндай игі бастамалардың қоғамға үлгі болып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыратынына сенім білдірді.
«Ассамблея жастары» алдағы уақытта да осындай экологиялық акцияларды тұрақты түрде өткізіп, елдің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қоса бермек.
Табиғатты аялау – болашаққа жасалған қамқорлық. Бірге таза әрі көрікті Қазақстанды қалыптастырайық!
#ТазаҚазақстан




