
Орынбай ауылында бүгінде 700 млн теңге көлемінде инвестиция құйылып, жаңа агрокешеннің құрылысы жүргізілуде. Аумағында қора-жайлар, әкімшілік ғимарат, жұмысшыларға арналған тұрғын үй мен мал бордақылау алаңы салынуда. Сонымен қатар өндірістік тиімділікті арттыру мақсатында заманауи техникалар сатып алынып жатыр. Кешен аумағында облыста алғаш рет мал суаруға арналған жаңа, заманауи құрылғы орнатылды.
Бидайық ауылдық округіндегі «Берікбол» шаруа қожалығы да «Отбасылық ферма» жобасы аясында ірі қара мал басын көбейту жұмыстарын жалғастыруда. Жобаның мақсаты – қазіргі технологияларды қолдану арқылы тұқымды көбейту, бордақылау және сатуға арналған тиімді өндірістік база қалыптастыру, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және толық өндірістік циклды қамтамасыз ету.
Сапар барысында өңір басшысы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды мүмкіндік екенін атап өтіп, бөлінген қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдалануды, «Отбасылық ферма» жобаларының жүзеге асу барысын ай сайынғы график бойынша мониторингтеуді қамтамасыз етуді, инвестицияның игерілу тиімділігі туралы толық әрі нақты есепті тұрақты түрде ұсынып отыруды, орнатылған суару құрылғысының жұмысын тексеріп, басқа шаруашылықтарда қолдану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.