Сәтбаев қаласында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалар қолға алынуда. Қаладағы инженерлік желілердің тозуына байланысты кешенді жөндеу жоспары әзірленіп, қазіргі уақытта негізгі нысандарда жұмыс қызу жүргізілуде. Бұл шаралар алдағы жылдары коммуналдық қызметтердің үздіксіз әрі сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары қала дамуына жаңа серпін бермек.
ЖЫЛУ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖЕЛІЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ
Қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру және алдағы жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз ету мақсатында №1 және №2 магистралдық жылу желілері күрделі жөндеуден өтуде.
№1 магистралдық жылу желісі
Келісімшарт бойынша мердігер ұйым – «Сарыағаш Аман» ЖШС. Ауыстыруға жататын жалпы ұзындық – 8 шақырым.
Қазіргі таңда 1220 метр ескі желі демонтаждалып, орнына жаңа құбырлар орнатылды. Дегенмен жұмыс қарқыны бәсеңдегені байқалды. Дәнекерлеушілер мен брусчатка төсеушілерді сырттан күту жоспарланғандықтан, қала тұрғындарын жұмыспен қамту жөнінде ұсыныс жасалды.
№2 магистралдық жылу желісі
Мердігер ұйым – «АСТАНАИНЖКОМСТРОЙ» ЖШС. Келісімшарт бойынша ауыстырылатын жалпы ұзындық – 2,6 шақырым.
Бүгінгі күнге 2050 метр жаңа жылу желісі толық орнатылып, қалған 100 метрде демонтаж және монтаж жұмыстары жалғасуда.
Кәріз жүйесін жаңғырту
Жылу желілерінен бөлек, Құрманғазы, Аманжолов және Байсейітова көшелерінде «ЖАНЕМ» ЖШС тарапынан кәріз коллекторлары қайта жаңғыртылуда. Ауыстыруға жататын жалпы ұзындық – 2470 метр. Оның 2000 метрі толық ауыстырылып, қалғаны бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Қажетті құбырлар мен құдықтар нысан басына жеткізілген.
Жұмыстардың сапалы әрі уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында мердігер ұйымдарға тиісті ескертулер жасалды. Әрбір жоба жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.
Қала әкімдігі аталған жобалардың дер кезінде аяқталуы тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыратынын атап өтті. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту – Сәтбаев қаласының ұзақ мерзімді тұрақты дамуының негізгі бағыттарының бірі. Жаңғыртылған жүйелер апаттық жағдайлардың алдын алып, қызмет сапасын арттырады деп күтілуде. Алдағы уақытта да қалада тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған жобалар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
