Қазіргі қоғамда құмаройынға тәуелділік – әлеуметтік, экономикалық және психологиялық тұрғыдан аса өзекті мәселелердің бірі. Жыл сайын ойынқұмарлыққа салынған адамдардың саны артып, оның салдары жеке тұлғаның ғана емес, тұтас отбасылардың тағдырына әсер етуде. Сарапшылардың пікірінше, құмар ойындарына тәуелділік алкоголь мен есірткіге тәуелділікпен бір деңгейде қарастырылып, кешенді түрде емдеуді талап етеді.
Құмар ойындары адамның ойлау қабілетіне, шешім қабылдауына және эмоциялық тұрақтылығына теріс әсер етеді. Тәуелділікке бой алдырған адамда үнемі жеңіске жетемін деген жалған үміт қалыптасып, өз әрекетін бақылау қабілеті төмендейді. Уақыт өте келе депрессия, үрей, агрессия және өз-өзіне сенімсіздік секілді психологиялық ауытқулар пайда болады.
Құмар ойындары ең алдымен отбасының тыныштығын бұзады. Тәуелді адам өзінің қаржы мәселелерін жасыру үшін өтірік айтуға, сенімді адамдарынан қашықтауға бейім болады. Отбасындағы түсініспеушіліктер, жанжалдар, тіпті ажырасуға дейін алып келетін жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен қатар, құмар ойындарына берілген адам жұмыс орнындағы міндеттерін дұрыс атқара алмай, әлеуметтік ортада беделінен айырылуы мүмкін.
Ойынқұмарлықтың ең ауыр салдарының бірі – қаржылық күйреу. Ойын үстелдерінде немесе онлайн платформаларда ұтылған қаражат адамның қарызға батуы мен түрлі заңсыз әрекеттерге баруына себеп болуы ықтимал. Көп жағдайда несие алу, мүлікті сату немесе таныстардан қарыз сұрау секілді әрекеттер кір жей бастайды, бұл адамды тығырыққа тірейді.
Құмар ойындары тек жеке адамның мәселесі емес, қоғамға да қауіп төндіретін фактор. Тәуелділіктің таралуы әлеуметтік тұрақсыздықты арттырып, құқықбұзушылықтардың өсуіне себеп болуы мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан қатаң бақылау, профилактикалық шаралар және халық арасында ақпараттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет.
Құмар ойындарының зардабы – адам тағдырына әсер ететін күрделі мәселе. Оның алдын алу – отбасының, қоғамның және мемлекеттік институттардың ортақ жауапкершілігі. Жастар арасында дұрыс өмір салтын қалыптастыру, ойынға тәуелділік белгілерін ерте анықтау және психологиялық көмек көрсету – құмаройынның жағымсыз салдарын азайтудың маңызды қадамдары.