Дастан Рысбеков: Ұлытаудың даму қарқыны күшейіп, өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде

Жаңалықты бөлісіңіз:

Дастан Рысбеков: Ұлытаудың даму қарқыны күшейіп, өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде

Ұлытау облысы құрылғалы бері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақты арнаға бағыттау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл туралы облыс әкімі Дастан Рысбеков өңірдің даму көрсеткіштері мен жоспарлары жөнінде берген сұхбатында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, облыстың негізгі экономикалық көрсеткіштері өсім көрсетті. Биыл тоғыз айда тұрғын үйді пайдалануға беру 24,6%-ға, көлік және қоймалау саласы 22,9%-ға, құрылыс 9,3%-ға, сауда 4,6%-ға артқан. Инвестиция көлемі де аздап өсіп, 150 млрд теңгені құрады. Соңғы үш жылда экономикаға 700 млрд теңгеден астам қаржы тартылған.

Өнеркәсіп саласында «Жомарт» кен орнындағы уақытша тоқтап қалған өндіріс көрсеткіштің азаюына әсер етсе де, құндық мәнде өнеркәсіп өнімінің көлемі 15%-ға өсіп отыр. Көмір өндіру, пайдалы қазбаларды игеру, металл және ұн өнімдері өндірісі айтарлықтай ұлғайған.

Облыста ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Соның ішінде мұнай базасының құрылысы, күкірт қышқылы өндірісі, көмір өңдеу зауыты, бу-газ қондырғысы бар. Шетелдік инвесторлармен де бірнеше жоба жүзеге асу үстінде. Биыл төрт жоба іске қосылып, жыл соңына дейін тағы үшеуі пайдалануға берілмек.

Инфрақұрылымды жаңарту бағытында 316 шақырым су және кәріз жүйелері, 47,8 шақырым жылу желілері қайта жөнделді. Тұрғындардың 99%-ын сапалы ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Жезқазғанда су тазарту құрылыстарын жаңарту және жаңа су көздерін пайдалану жұмыстары жалғасып келеді.

Қалалардың санитарлық жағдайына қатысты сыннан кейін Жезқазған қаласында қоқыс шығару қызметін басқа мердігер атқара бастады. Қазіргі таңда қосымша техника мен контейнерлер сатып алынып, мәселе кезең-кезеңімен шешілуде.

Денсаулық сақтау саласында да маңызды жобалар іске асуда. Перинаталдық және онкологиялық орталықтарды бөлек салудың орнына, облыстық көпсалалы аурухана жанынан 100 орындық жаңа корпус салу туралы шешім қабылданды. Бұл медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары басталды. 1 300-ден астам педагог арнайы курстардан өтіп, мектептерде ЖИ элементтері оқытылып жатыр. Жезқазған қаласындағы №14 мектепте арнайы пилоттық жоба іске асуда.

Жыл басында орын алған киіктердің жаппай қырылуына байланысты алдын алу шаралары күшейтілді. Қыс мезгілінде мониторинг жүргізу, қажет техниканы сатып алу және жануарлардың көшу жолдарын қорғау бойынша жұмыстар қолға алынған.

Дастан Рысбековтің айтуынша, өңірде басталған барлық жобалар жүйелі түрде жалғасын тауып, Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталады.

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *