Қазақстан – Орталық Азияда жасанды интеллект туралы заң қабылдаған алғашқы ел

Жаңалықты бөлісіңіз:

Қазақстан – Орталық Азияда жасанды интеллект туралы заң қабылдаған алғашқы ел

 

Мемлекет басшысы Орталық Азияда алғаш қабылданған «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі тиімді дамытуға арналған заңнамалық негіздің қабылдануы – Қазақстанның цифрлық трансформациясындағы жаңа кезең. Заңның негізгі мақсаты – жасанды интеллектті дамыту үшін құқықтық шеңберді белгілеу және оны адамның өмір сапасын жақсарту мен экономиканың тиімділігін арттыруға бағытталған түрлі салаларда қолдануды ынталандыру.

 

Бұл бастама алғаш рет Мемлекет басшысы Digital Bridge 2023 форумында көтеріліп, Президент жасанды интеллектті пайдалануды реттейтін заманауи нормативтік базаны әзірлеуді тапсырған болатын. Соңғы екі жыл ішінде Президент жасанды интеллект технологияларын дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы екенін бірнеше рет атап өтті. Сол сияқты, биылғы қыркүйекте жарияланған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттерді шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да осы сала ерекше мәнге ие болды.

 

Осылайша, жоғары технологияларды кеңінен енгізу мақсатында процестің барлық қатысушыларының міндеттемелері, құқықтары және жауапкершіліктерін реттейтін заңнамалық база құрудың өзекті қажеттілігі туындады.

 

Қазіргі таңда мұндай заң қабылдаған елдер саны аз, олардың қатарында технологиялық көшбасшылар – Еуропалық Одақ, Канада және Сингапур бар. Қазақстан болса аймақта алғаш болып жасанды интеллектті этикалық, ашық және жауапты қолдану қағидаттарын, сондай-ақ адамның әл-ауқаты мен оның шешім қабылдау еркіндігін басымдық ретінде заңмен бекітті.

 

Заң нені реттейді

 

Бұл заң – Қазақстанда жасанды интеллект технологиялары мен жүйелерін қолданудың бірыңғай құқықтық негізін белгілейтін базалық құжат. Ол 7 тарау мен 28 баптан тұрады.

 

Құжатта «жасанды интеллект», «жасанды интеллект моделі», «деректер кітапханасы», «ұлттық жасанды интеллект платформасы» сияқты негізгі ұғымдар айқындалған.

Сонымен қатар, мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен міндеттері белгіленген. Жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің басты мақсаты – жасанды интеллектті дамыту, оны адам өмірінің сапасын арттыру және экономиканың тиімділігін көтеру бағытында қолдануды ынталандыру.

 

Мемлекеттік органдардың, әзірлеушілердің, пайдаланушылардың және ИИ жүйелері иелерінің құқықтары мен міндеттері бекітілген. Базалық құжат шеңберінде жасанды интеллект жүйелерінің құқықтық режимі егжей-тегжейлі сипатталады. Осылайша мемлекет елде қалыптасқан және жаһандық технологиялық прогресс нәтижесінде пайда болып жатқан жаңашылдықтарды реттеуге кіріседі, басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және барлық саладағы жаңа технологиялардың дамуын ынталандыру.

 

Жасанды интеллект жүйелерін жіктеу және қауіпсіздік шаралары

 

Заң жасанды интеллект жүйелерін үш критерий бойынша жіктеуді көздейді:

 

Біріншіден – тәуекел деңгейі бойынша.

 

төмен тәуекел – жұмысының бұзылуы елеусіз әсер етеді;

 

орташа тәуекел – тиімділіктің төмендеуіне немесе зиян келтіруге әкелуі мүмкін;

 

жоғары тәуекел – әлеуметтік немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайға, қорғаныс, қауіпсіздік пен азаматтардың өміріне қатер төндіруі мүмкін.

 

Екіншіден – автономдылық деңгейі бойынша.

 

төмен автономдылық – шешім ұсынымдық сипатта, соңғы шешімді адам қабылдайды;

 

орташа автономдылық – адам шешімді реттей алады;

 

жоғары автономдылық – адамның араласуы немесе шешімді өзгертуі мүмкін емес немесе техникалық тұрғыда шектелген.

 

Үшіншіден – пайдалану режимі бойынша.

 

ашық жүйелер (еркін пайдалану және модификациялау мүмкіндігі бар),

 

жабық жүйелер (архитектурасына қолжетімділік шектеледі),

 

локалды жүйелер (иесінің инфрақұрылымы аясында, жалпы қолданыстағы желілерге қосылмастан жұмыс істейді).

 

Заң манипулятивтік, дискриминациялық немесе қауіпті функциялары бар ИИ қолдануды, соның ішінде әлеуметтік скорингті, жасырын ықпал етуді немесе иесінің келісімінсіз деректер жинауды тыйым салады.

 

Технологияларға деген сенімді арттыру мақсатында мемлекеттік органдар жоғары тәуекел деңгейіндегі сенімді жүйелер тізімін қалыптастырады. Бұл тізімге тек ақпараттық жүйелер аудитінен өткеннен кейін ғана енгізіледі.

 

Авторлық құқықты қорғау және жауапкершілік

 

Заң жасанды интеллект жүйелерін қолдануда ашықтықты қамтамасыз етуді талап етеді. ИИ жұмысының барлық нәтижелері – мәтіндер, суреттер, аудио және бейнематериалдар – міндетті түрде машинада оқылатын түрде таңбалануы тиіс. Бұл талап қолданушыға ақпаратты дұрыс қабылдауға мүмкіндік беруді және жалған мәліметтер таралуын болдырмауды көздейді.

 

Авторлық құқыққа ерекше назар аударылған. Жасанды интеллект көмегімен жасалған туындылар адам тарапынан шығармашылық үлес болған жағдайда ғана авторлық құқықпен қорғалады. Пайдаланушының интеллектуалдық қызметі нәтижесінде жасалған мәтіндік сұраулар да авторлық құқық нысандары ретінде танылады.

 

Сонымен қатар, ИИ модельдерін оқыту үшін туындыларды пайдалану білім беру немесе ғылыми мақсаттағы «еркін пайдалану» болып саналмайды – мұндай әрекет тек автор немесе құқық иесінің машинада оқылатын түрде берілген тікелей тыйымы болмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

 

Жүйе иелері тәуекелдерді анықтау, талдау, болжау және оларды басқару шараларын қабылдауға міндетті.

 

Ұлттық жасанды интеллект платформасы ерекше назарға ие. Ол модельдер әзірлеуге, есептеу ресурстарын пайдалануға және бағдарламалық өнімдер мен модельдерді шектеулі уақыт ішінде апробациялауға арналған негізгі инфрақұрылым болады. Есептеу ресурстарына қолжетімділік уәкілетті орган бекіткен ережелер бойынша платформа операторымен беріледі.

 

Құжат ИИ жүйелері келтірген зиянды өтеу нормаларын да қамтиды. Бұл — Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

 

Адам алгоритмнен жоғары

 

«Жасанды интеллект туралы» Заңның басты принципі – технология адам игілігіне қызмет етуге тиіс. ИИ шешім қабылдауды қолдайтын құрал ретінде ғана қарастырылады. Соңғы шешім қабылдау құқығы әрдайым адамға тиесілі. Жүйенің қабылдаған шешімдері заңда көзделген жағдайларда адамның еркіндігін алмастыра алмайды.

 

Пайдаланушы жасанды интеллектті қолдану фактісін білуге және өз деректерінің автоматтандырылған өңделуіне қарсы болуға құқылы. Заң жеке деректердің қорғалуын қамтамасыз етеді және оларды иесінің келісімінсіз пайдалануға тыйым салады.

 

ИИ туралы заң – технологияны шектеу емес

 

Маңыздысы — заң жасанды интеллект технологияларының өзін реттемейді. Оның міндеті – ИИ-ді жауапты және қауіпсіз дамытуға жағдай жасайтын нормативтік негізді қалыптастыру, негізгі принциптер мен этикалық бағдарларды белгілеу, технологиялардың адам мен қоғам игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ету.

 

Заң жасанды интеллект саласының жаңа әрі тез дамып келе жатқанын ескере отырып, рамалық сипатқа ие. Онда негізгі ұғымдар, қолдану қағидаттары және барлық нарық қатысушылары үшін түсінікті әрі айқын базалық рәсімдер бекітілген.

 

Осы заңның қабылдануы Қазақстанға аймақта алғаш болып адам құқықтарын абсолютті басымдық ете отырып жасанды интеллектті реттейтін құқықтық негіз қалыптастырған ел мәртебесін береді. Құқықтық ортаны құру – тек Қазақстан үшін ғана емес, жалпы әлем үшін маңызды жаңа қадам.

 

Біздің ортақ мақсатымыз – инновациялар, қауіпсіздік және азаматтардың мүдделерін қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, технологияларды шамадан тыс шектеусіз дамыту.

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *