500 гектар алқап дайын: «Kengir agro» агрокешені қарқынды бой көтеруде
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Кеңгір ауылында жүзеге асырылып жатқан «Kengir agro» кешенінің құрылыс алаңына барып, нысанның іске асу қарқынымен танысты. Жоба «Отбасылық ферма» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда.
Қазіргі таңда кешен аумағында әкімшілік-шаруашылық ғимарат, жатақхана, асхана, мал бордақылау алаңы, қора-жайлар мен қойма салынуда. Айта кетерлігі, құрылыс барысында облыс аумағында өндірілетін құрылыс материалдары қолданылып жатыр.
«Kengir agro» жобасының негізгі мақсаты – өңірде суармалы егіншілікті дамыту, мал бордақылау алаңын ашу және алдағы екі жылда сүт фермасын салу. Қазірдің өзінде 500 гектар аумақта тамшылатып суаруға арналған жер дайындалып, қажетті құрылғылар жеткізілген. Жем-шөп дайындау жұмыстары басталып кетті.
Өңір басшысы құрылыс барысын бағалап, тиісті тапсырмалар берді.
«Ауыл шаруашылығын дамытатын осындай кешендер Ұлытау облысының экономикалық әлеуетін арттырады. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті өнімнің көлемін көбейтуге мүмкіндік береді. Біз бастаманы толық қолдаймыз, ең бастысы – жұмыстың сапалы әрі уақытында аяқталуы», – деді өңір басшысы Дастан Рыспеков.
Жоба іске қосылғаннан кейін өңірдің аграрлық мүмкіндігі кеңейіп, жергілікті шаруашылықтардың өндірістік қуаты арта түспек.
