ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІ АШЫЛДЫ
Бүгін Қаражал қаласында №3 өрт сөндіру бөлімі салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов арнайы қатысып, қызметкерлерді жаңа нысанның жұмысының басталуымен құттықтады.
Жаңадан ашылған бөлім заманауи өрт сөндіру техникаларымен толық жасақталған. Ғимарат қызметкерлердің жұмыс істеуіне және жедел әрекет етуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында толықтай жабдықталып отыр.
«Біздің міндет – азаматтарымыздың амандығы мен тыныштығын сақтау, сол үшін қызмет ететін мамандардың жағдайын жақсарту. Бұл бағытта атқарылып жатқан іс баршылық. Жыл соңына дейін облыстың Жезқазған, Сәтбаев қалаларында да жаңа нысандардың ашылуына куә боламыз деп жоспарлап отырмыз», – деді өз құттықтауында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.
Шара барысында Қаражал қаласының әкімі Айхын Елеусізов министрліктің «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Ал ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өз сөзінде:
«Жаңа өрт сөндіру бөлімі – жоғары талаптарға сай заманауи база. Біз жүйемізді жетілдіруді және құтқарушылар үшін лайықты жағдай жасауды жалғастырамыз. Қалалар мен ауылдарға бірдей, тең жағдай қалыптастырып жатырмыз, сонда әрбір тұрғын уақытылы және кәсіби көмек алатын болады», — деді.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Ұлытау облысының әкімі мен ҚР Төтенше жағдайлар министрі жаңа нысан ауласында шырша ағашын отырғызды.
