Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық серіктестікті жаңа бағыттарда нығайтады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкенттегі келіссөздер барысында екі ел арасындағы серіктестікті тереңдетуге қатысты бірқатар маңызды бастамаларды жариялады. Оның айтуынша, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласы – екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыты.
🟦 Сирек металдар саласында жаңа мүмкіндіктер
Мемлекет басшысы осы бағыт бойынша құрылатын Жұмыс тобы сирек металдарды өндіру мен қайта өңдеудің барлық аспектілерін мұқият зерттеп, өзара тиімді серіктестікті жолға қою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет екенін атап өтті.
🟦 Транзит-транспорт саласындағы стратегиялық әріптестік
Президент транзиттік және көлік саласындағы ықпалдастықтың стратегиялық маңызына тоқталды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, логистикалық тізбектің барлық қатысушысы үшін қолайлы жағдай жасау – екі ел үкіметтерінің басты міндеттерінің бірі.
🟦 Халықаралық дәліздер бойынша бірлескен жұмыс жалғасады
Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ), Солтүстік – Оңтүстік дәлізі және Ауғанстан арқылы өтетін теміржол бағыттарын дамытудағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Ол Өзбекстанды Ақтау мен Құрық порттарында бірлескен серіктестік жобаларын іске асыруға шақырды.
Бұл қадам Транскаспий көлік дәлізін дамытуға, жаңа логистикалық тізбектер құруға және аймақтық сауданы күшейтуге зор ықпал етпек.
🟦 Су-энергетика саласындағы өзара түсіністік – тұрақтылықтың негізі
Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді пайдалану – екі елдің тұрақты дамуының негізгі факторы екенін баса айтты. Осыған байланысты Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне су шаруашылығы саясаты бойынша тәсілдерді үйлестіруге арналған жүйелі шараларды бірлесіп әзірлеуді ұсынды.
